387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда тұрмыстағы озбырлық үшін жаза күшейтілген

  • 141
Арменияда тұрмыстағы озбырлық үшін жаза күшейтілген

Қазақстан Президенті жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстағы озбырлық және адамға қарсы ауыр қылмыстар үшін жаза күшейтілетінін мәлімдеді.

Осыған ұқсас мәселелер байқалатын өзге елдердің сарапшылары бұл шешімді қолдап отыр. Атап айтқанда, Арменияда тұрмыстағы озбырлық оқиғалары жиелеп кетті. Тергеу комитетінің мәліметінше, 2017 жылы осындай 458 қылмыстық іс қозғалса, 2018 жылы олардың саны 519-ға жеткен. 

34 жастағы Сатеник – тұрмыстық озбырлықтан зардап шеккен әйел. 4 жарым жыл бойы жұбайынан қорлық көріп, соққыға жығылған. Тіпті кейде баласына да қол жұмсаған көрінеді.

Сатеник, Армения тұрғыны:

– Бұл менің екінші некем. Алғашында бәрі жақсы болатын. Кейін ұрыс басталып, маған қол жұмсайтын болды. Жұбаймының қатал мінезі маған ұнайтын, бірақ кейін тіпті маған сөз бермейтінін түсіндім. Болмайтын нәрсеге ызаланып, ұрыс шығаратын.

Ақырында Сатеник балаларымен үйден кетіп, баспанасыз қалды. Оны осындай жандарға көмек көрсететін «Жарық үйі» орталығы екі жылға өз қамқорлығына алды. Бұл жоба демеушілердің қаражаты арқасында жұмыс істейді. Мұнда баспана мен тамағы және оқу курстарының бәрі тегін.

Лиана Саргсян, «Ана үйі» бағдарламасының жетекшісі:

– Армения заңы бойынша, сот үкіміне дейін әкесінің баласына келіп тұруына құқы бар. Бірақ әйелін көргісі келмейтін озбыр әкелер болады. Олардан қорғауға шамамыз келмесе, полицияны көмекке шақырамыз.

Әйелдер құқықтарын елдегі көптеген қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар қорғап келеді. Арменияда 2017 жылы «Отбасында озбырлықтың алдын алу» деп аталатын жеке заң қабылданған.

Цовинар Костанян, Әлеуметтік әділет партиясы төрағасының орынбасары:

– Бұл заң озбырлықтың бірнеше түрін қарастырады. Бізге белгілі және Армения қылмыстық кодексіне кіретін зорлық пен қол жұмсаудан өзге бұл – руһани озбырлық, экономикалық қанау және адамды елемеу. Қазақстаннан бір ерекшелігі, Арменияның қылмыстық кодексінде айыбын ауырлататын жағдайларда зорлаушы 15 жылға сотталуы мүмкін. Елімізде бұл мәселеге өте қатал қарайды.

Цовинар Костанянның айтуынша, заң қатал болғандықтан, Арменияда шектен шыққан отбасылық озбырлық оқиғалары сирек кездеседі.

Авторы: Лаура Жүсіпбекова

Хабар 24 телеарнасы