389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сауд Арабиясына дрондармен жасалған шабуылдан кейін мұнай бағасы шарықтап кетті

  • 273
  • UPD: 22:31, 16.09.2019

Сауд Арабиясындағы мемлекеттік мұнай компаниясының өндіріс ошақтарына дрондармен жасалған шабуылдан кейін аймақтағы жағдай ушығып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл оқиға жалпы әлемдік нарықтағы мұнай бағасының қымбаттауына әкелді. Қара алтын құны бір демде 20%-ке шарықтап кеткен.

Сауд Арабиясы әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі екені белгілі. Бірақ бағаның бірден 20%-ке өсіп кеткені таңқалдырады. Сарапшылар не деп жатыр?

Сарапшылар қара алтынның бағасы шарықтайды деп бірден болжаған еді. Бұл әрине, Сауд Арабиясындағы мұнай өндірісінің қысқаруына байланысты болып отыр. «Алайда аталмыш үдеріс әлем елдерінің экономикасына айтарлықтай әсерін тигізбейді», - деп топшылайды сарапшылар.

 

Мұнай өңдеу зауыттарына дрондармен шабуыл жасалды 

Өткен сенбі күні Сауд Арабиясының «Арамко» мемлекеттік мұнай компаниясының өндіріс ошақтарына дрондармен шабуыл жасалды. Бұл екі зауыт дүние жүзіндегі мұнай өңдейтін ең ірі өндіріс ошақтарының бірі болып саналады. Қастандық әрекетті Йемендегі хуситтер жүзеге асырған. Оны хуситтердің өзі мойындап отыр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, бүлікшілер Абкайк пен Хурайс қаласы маңындағы мұнай өңдеу зауыттарын нысанаға алған. Бұл ақпарға қарамастан, АҚШ шабуылды Иран жасады деп бой бермейді. Американың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео өзінің Twitter-дегі парақшасында былай деді.

«Вашингтон барлық елді Иранның Сауд Арабиясындағы ірі мұнай компаниясының өндіріс ошақтарына жасаған шабуылын айыптауға шақырады. Иран тарапы бұл әрекеті үшін жауапқа тартылу керек.»

Иран болса, бұл айыпты мойындамайды. Осы елдің сыртқы істер министрі Джавад Зариф Помпеоның сөздері жалған екенін айтты.

 

Иран АҚШ-тың араласуын қаламайды

Мұндай айыптардан кейін Иран билігі де қарап қалған жоқ. Ресми Тегеран АҚШ-тың отқа май құюын тоқтатпаса, олардың әскери базаларына зымыранмен соққы жасаймыз деп оқталып отыр. Сонымен қатар бүгін Түркия астанасында Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға арналған Астана процесінің кепіл-мемлекет көшбасшыларының кездесуі басталды. Иран президенті Хасан Рухани Түркияға барар алдында АҚШ-тың әрекетін қатаң сынға алып, аймақтағы жағдайға Вашингтонның килігуі орынсыз әрі заңсыз екенін айтты.

Хасан Руани, Иран президенті:

АҚШ Сауд Арабиясына барынша қолдау көрсетіп келеді. Өңірді қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті кейбір әскери операцияларды АҚШ-тың өзі басқарып отыр. Біреуді айыптап отқа май құйғанша,  өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың әр іске бір араласуына жол бермеу керек.

 

Мұнай өңдеу көлемі қысқарып, қара алтын құны қымбаттады

2 мұнай зауытына жасалған шабуылдан кейін қара алтынды өңдеу екі есеге қысқарып қалды. Осы елдің Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, оның көлемі күніне 5 миллион 700 мың баррельге дейін азайған. Мұнай өндірісі қысқаруының себебінен дүйсенбі күнгі бәссауда қорындысы бойынша нарықтағы қара алтын бағасы қымбаттап кетті. Вrent маркалы мұнай барреліне 70 долларға дейін бірақ жетті. Жанармай фьючерсінің өсімі 20%-ті құрады. Енді нарықтағы отын тапшылығын АҚШ тарапы қамтамасыз етеміз деп отыр. Трамптың айтуынша, ол америкалық қордағы қара алтынды сатылымға шығармақ ниетте.

Франсис Лун, сарапшы:

Мұнай бағасымен бірге оған қатысы бар кәсіпорындардың акциялары да қымбаттайды. Ал, әуе және теңіз компаниялары шығынға батады. Қордағы шикізат құны арта түседі. Бұл орайда мұнай тасымалдайтын елдерге экономикалық қысым болмақ. Себебі тасымалдау ақысы қымбаттайды. Сауд Арабиясы өздерінің мұнай өндірісін қорғай алмай, хуситтер шабуылын жалғастырса, әлем экономикасы зардап шегеді. Бұл жаһан үшін өте қауіпті.

Өзге алып мемлекеттер АҚШ-тың мәлімдемесінен кейін кімді, қай жақты қолдап отыр? Шабуылға Иранның қатысы бар дегенге қалай қарайды?

Қытай тарапы еш дәлелсіз Иранды айыптау орынсыз деп отыр. 

 

Әлем елдері шабуылды қатаң сынға алды

Хуа Чуньин, Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі:

- Қытай Эр-Риядпен де, Тегеранмен де тығыз экономикалық және дипломатиялық қарым-қатынаста. Бұл жағдайға қатысты айқын дәлелдер келтірілмегендіктен, Тегеранды айыптай алмаймыз. Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін тергеу ісін жүргізу керек.

Франция және Ұлыбритания елдері де Сауд Арабиясының мұнай зауыттарына жасалған шабуылға қатысты өз пікірлерн білдірді. Біріккен Корольдіктің сыртқы істер министрі Доминик Рааб Twitter-дегі парақшасына әлемдік мұнай тасымалын бұзғандырды сынға алды. Себебі дрон түсіп, жарылыс болған өндіріс орындары әлемдік мұнай тасымалының 5%-ін қамтамасыз етеді. Франция Сыртқы істер министрлігі де Сауд Арабиясына қолдау білдіріп, кінәлілер жазаға тартылуы керек деп отыр.

Хабар 24 телеарнасы