376,16 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО елдерінен келген автомобильдер бір ай ішінде уақытша тіркеуге алынады

  • 158
  • UPD: 14:35, 25.01.2020

Евразиялық экономикалық одақ елдерінен келген автомобильдер бір ай ішінде уақытша тіркеуге алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал келер жылдың көктеміне дейін олар тіркелу алымы мен мемлекеттік баж салығын төлеп, тұрақты тіркеуге тұрып, не болмаса шекарадан шығуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетел көліктеріне қатысты қалыптасқан жағдайды шешу жолдарын ұсынды. Қазіргі кезде елімізде еш жерде тіркелмеген көліктер көбейіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қиындық туғызып отырғаны жасырын емес. Мәселен, Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысына соңғы 2 жылда 42 мың көлік кірген. Оның мың жарымы Армениядан, 38-і Қырғызстаннан енсе, қалғаны Ресейден келіпті. Күні бүгін соның қаншасы өзге өңірлерге асқанын, қаншасы облыс аумағында екенін ешкім айта алмайды. Өткен жылы кірме көліктердің қатысуымен, 1335 жол апаты болса, соның 147-інде кінәлі көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен.

Жанболат Жаншин, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:

- Бір қиындық туғызып тұрғаны, автокөлік тіркеуде жоқ та, сол себепті орнынан кетіп қалғанда біз таба алмаймыз. Қай жерде екенін, кім жүргізіп жүргенін білмейміз. Сол қиындық туғызып отыр. Егер де біз оларды тіркеуге алсақ, бәрі базамызда болады. Біз бәрін көріп отырамыз.

Нұрлыбек Рахманов, шетелде тіркелген көлік иесі:

Енді адамдардың бәрі қуана тіркейді деп ойлаймын. Бірақ дәл қазір тіркеу талаптары көп көлікке келмейді. Себебі баж салықтары өте жоғары. Яғни, қайтадан көлік құнын үстіне төлеу керек болады. Бұл екінің бірінің қалтасы көтермейді деп ойлаймын. Сондықтан тіркеу талаптарын жеңілдетсе, салық көлемін түсірсе, барлық адам қуана көліктерін тіркейді.

Хабар 24 телеарнасы