405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп: Америкаға қастық емес, достық керек

  • 173
  • UPD: 21:05, 01.06.2020

Коронавирус дендеген АҚШ-та бүлік те көбейіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптада Миннеаполис қаласында полицей Джордж Флойд есімді афроамерикалықты тұтқындаймын деп күш қолданып, өлтіріп алған еді. Қазір сол тәртіп сақшысы қамауда отыр. Тұтқындауға бірге барған қалған үш полицей жұмыстан қуылды. Қазір тергеліп жатыр. Осы Джордж Флойдтың өлімі қоғамның наразылығын туғызып, ел жаппай көшеге шықты. Тіпті полицейлердің бассыздығына қарсы ереуілдер АҚШ-тан асып, Еуропада жалғасын табуда.

Ашынған жұрт дүкендерді тонап, түрлі ғимараттарға от қойып, жолдарды жауып тастап жатыр.

Жағдайдың ушығуына байланысты АҚШ-тың 40 ірі қаласында коменданттық сағат жарияланды. Алайда жұрттың оны елеп жатқаны шамалы. Әділдікті талап еткен тұрғындар жолдағының бәрін жайпап, қиратып жатыр. Сауда орталықтары мен кеңселер өртенген. Кейбіреулер тіптен дүкендерді қиратып, қолына түскеннің бәрін өзімен бірге әкетіп жатыр.

Миннеаполисте жүк көлігін тізгіндеген ер адам ереуілшілерді таптап кете жаздады. Сол маңайда жүрген жұрт жабылып, жүргізушіні соққыға жыққан. Фергюсон қаласында тұрғындар полиция бөлімшесін таспен атқылады. Тіпті жанғыш қоспасы бар шөлмек лақтырғандар бар. Нэшвиллде сот және муниципалдық кеңес ғимараты өртенді. Ашынған жұртты тарату үшін полицейлер көз жасаурататын газ қолдануда. Жалпы тәртіпсіздіктерге байланысты соңғы бірнеше күнде 4 мыңнан аса адам қамауға алынған.

Флойд, ереулші:

– Бұл бір емес, екі емес, қанша мәрте қайталанып отырған жағдай. Полицейлердің бассыздығында шек жоқ. Сондықтан біз үндемей отыра алмаймыз.

Ереуілдер ел астанасы Вашингтонда да өтті. Жұрт Ақ үйге қарай бет алған. Алайда жолдарын полицейлер бөгеп, мұның соңы бүлікке ұласты. Осы ретте Ақ үй қызметкерлеріне уақытша жұмысқа шықпау туралы электрондық хат жіберілген. Жағдайдың ушыққаны соншалық, Дональд Трамп отбасымен бірге шамалы уақытқа бункерге жасырынған. Бұл жайында «Нью-Йорк Таймс» басылымы хабаралайды. 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік кезінде осы бункерде экс-президент кіші Джордж Буш та отырса керек. Өйткені содырлар ұшақтардың бірін Ақ үйге бағыттауы мүмкін деген қауіп болған.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Менің әкімшілігім зорлық-зомбылықты тоқтатады. Америкаға құлдырау емес, өрлеу қажет. Қастық емес, достық керек. Бүліктің орнына тәртіп орнауы керек.

Сарапшылар алдағы уақытта жағдай бұдан да бетер ушығып кете ме деп алаңдаулы. Өйткені ереуілшілер карантиннен кейін енді ғана ашыла бастаған дүкендер мен мейрамханаларды қиратып жатыр. Сондықтан шағын және орта бизнес иелері өз кәсібін қорғап қалу үшін полицейлерді қолдайды. Кейбіреулер тіптен көшеге қолына қару алып шықпақ ниетте.

Мюриел Баузер, Вашингтон мэрі:

– Алғашында ереуілдер бейбіт түрде өткен. Алайда артынша тәртіпсіздіктер белең алды. Көбі бұған алдын ала дайындалып келгенге ұқсайды. Мәселен, дүкендердің терезе-есігін сындыру үшін арнайы құралдар алып келген. Сондықтан бүлікке ұйымдасқан топтардың қатысы бар ма деген ой келеді.

Сарапшылардың алаңдатып отырған тағы бір мәселе – коронавирус. Елде індет қайта өршіп кете ме деген қауіп басым. Өйткені біреуі бетперде тақса, біреуі тақпайды. Ал арақашықтық сақтау деген атымен жоқ. Сондықтан тәртіпсіздіктерге байланысты төтенше жағдай жарияланған Атланта қаласынының мэрі ереуілшілердің барлығын тест тапсыруға шақырды. Жалпы осы жаппай толқудың кесірінен Лос-Анджелестегі коронавирусқа тест жүргізетін денсаулық сақтау мекемелеріне де нұқсан келген.

Хабар 24 телеарнасы