420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Толассыз жаңбыр салдарынан Мәскеу өңірін су алып кетті

  • 758
  • UPD: 15:31, 05.06.2020

Толасыз жауған жаңбырдың салдарынан Мәскеу өңірін су алып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, аймақта 50 жыл бойы осындай мол жауын-шашын болмаған. Мәскеу шаһарын да су басып, ағаштар құлады. Апат салдарымен күреске қаланың төтенше қызметтері жұмылдырылды. Алайда, су тасқынының ең ауыр зардабын ауылды мекендер тартты. Кейбір аудандарда су деңгейі тіпті екі метрге дейін жеткен.

Мәскеу облысының Малиновка ауылды мекенін сағат түнгі үште бір жарым метрге жететін су толқыны басып кетті.

Қазір су біртіндеп қайта бастады. Алайда, ойпат жерлерде су деңгейі әлі де бір метр төңірегінде. Тасқын егістерді шайып, үйлердегі жиһаз бен тұрмыстық техниканы бүлдірді. Ағаштар мен дуалдарды да құлатты.

Жанна Сергеева, ауылды мекеннің тұрғыны:

- Үй, гараж бен моншада болған бүкіл мүлкім құрып кетті. Гаражда тұрған тоңазытқышты, су қақпаға дейін алып келді.

Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, судың тасуына толасыз жауған жаңбыр себеп болды.

Андрей Воробьев, Мәскеу облысының губернаторы:

- Апатқа қатысты бүкіл төтенше қызметтер жұмылдырылған. Ең ауыр зардабын бақ шаруашылықтарының бірлестіктері тартқан. Тез арада бәрін қалпына келтіруге тырысамыз.

Алайда, жергілікті тұрғындардың айтуынша, тасқын бөгеттерден суды ретсіз ағызудан туған. Санаулы минутта су тасып, ағын жолда тұрған заттың бәрін шайып кетті.

Леонид Васильев, ауылды мекеннің тұрғыны:

- Бөгет жарылатынынан қорқып, су ағызған. Ешкімді ескерткен жоқ. Өзен жағасында тұрған үйлерді түгелімен су басып кетті. 1972 жылдан бері осылай екінші рет су ағызды. Осыдан үш жыл бұрын да осылай істеген еді.

Билік өкілдері жергілікті тұрғындарды уақытша өзге жерге көшуге шақырып отыр. Өйткені алдағы күндері өңірде қайта қатты жаңбыр жауып, су тасуы мүмкін.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы