424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада лаванда гүлінің алқабын жалға беру бизнес түріне айналды

  • 494
  • UPD: 15:30, 07.07.2020

Украинада коронавирус жұқтырған жандардың саны 50 мыңға жуықтады. Жалпы мемлекет бойынша 700 мыңнан астам адамға ПТР анализі жасалған. Украина бұдан былай «жасыл зонаға» жатпайтын болғандықтан Еуроодақ Украина туристері үшін өз шекарасын жапқан. Алайда жергілікті шағын бизнес өкілдері мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысып, ішкі туризмді жанталасып дамыту үстінде. 

Киев қаласынан 38 шақырым жерде орналасқан бұл лаванда алқабының иесі Юлия Блях. Іскер жанның бұл шаруаны қолға алғанына 3 жылдан асты. Ең қызығы, қазір пандемияға байланысты қиын қыстау кезеңде Юлияның кәсібі керісінше өрге басты. Оның өзіндік себебі бар, лаванда алқабында небәрі 0,4 шақырым жерді алып жатқан локацияны жалға алу 15 шілдеге дейін жоғары сұранысқа ие. Бір сағаттық ренттің орташа құны 30 долларды құрайды, алайда ықылас білдірушілер санында есеп жоқ.

Юлия Блях, лаванда өрісінің басшысы, кәсіпкер:

- Шынында да локациямды жалға беру жайлы ақпарат жарияланғанда небәрі 120 секундта барлық 352 сағат сатылып кетті. Сондықтан келесі жылы гүл себілген алқапты бір гектарға дейін арттыруды көздеп отырмын. Бұл аймаққа адамдар билет арқылы кіретін болады және келушілердің көп болатынына сенімдімін. 

Фотограф Ткачук Мария лаванда алқабы бүгінде қала тұрғындарының арасында трендке айналғанын айтады. Әсіресе таңсәрідегі фотолардың сапасы өте жоғары. Әлемді әбігерге салған пандемия кесірінен туристер өз елінде саяхаттауға мәжбүр. Сондықтан қала маңындағы әдемі локацияларға және фотографтарға жазда сұраныс жоғары.

Мария Ткачук, фотограф:

- Бүгінгі жұмыс нәтижелі боларына сенімдімін. Таң алдындағы фотолардың сапасы өте жоғары, өте әсерлі. Лаванда өрісіндегі кез келген фотоның әдемілігі де ерекше. 

Ресми мәлімет бойынша Украинада коронавирус жұқтырған жандардың саны 50 мыңға жуықтады. Соңғы тәулікте 543 адамнан осы вирус анықталған. Украина билігі аурудың екінші толқынымен күресті күшейту мақсатында шартты карантинді 31 шілдеге дейін ұзартты. Өз кезегінде Юлия сынды шағын бизнес өкілдері бұл мүмкіндікті пайдаланып, барынша ел ішіндегі кәсіптерін алға жылжытуға және оны кеңейтуге ұмтылуда.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы