420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еуропада шипажайларға қатысты дау туындады

  • 95
  • UPD: 23:50, 27.11.2020

Еуропадағы барлық тау-шаңғы шипажайлары қаңтарға дейін жабылуы тиіс.

Бұл бастаманы Германия канцлері Ангела Меркель көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұсынысты Италия мен Франция құптады. Алайда Австрия мен Швейцария қарсы шықты. Бұл түсінікті. Өйткені аталған елдерде әлемдегі ең ірі тау-шаңғы шипажалары орналасқан. Немістердің бұл орындарды жабуды талап етуінің себебі неде?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Неміс билігінің алаңдауы бекер емес. Елде қазір коронавирус өршіп тұр. Алда мерекелер жақындап қалды. Мейрамханалар мен өзге де орындар жабық тұр. Сондықтан жұрт демалыстың өзге түрін таңдауы мүмкін. Мәселен, шаңғы теуіп, таза ауада сергіп қалғысы келетіндер көбейеді. Вирус дендемей тұрған күннің өзінде жыл сайын 8 миллионға жуық Германия тұрғыны тау-шаңғы шипажайларына аттанатын. Биыл да белсенді демалысты таңдаушылар саны көп болуы мүмкін. Ал, неміс билігінің пікірінше, вирус өршіп тұрған кезде артық жүріс-тұрыстың қажеті жоқ.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Біз барлық тау-шаңғы шипажайларын жабу мәселесін Еуропаның өзге елдерімен мақұлдауға тырысамыз. Алайда оның оңай болмайтын түрі бар. Өйткені Австрия билігі қарсылық танытып отыр.

Австрия билігінің қарсы болуы түсінікті. Өйткені мұнда әлемдегі ең ірі тау-шаңғы шипажайлары орналасқан. 7 желтоқсанда мұнда жалпыұлттық локдаун аяқталады. Сөйтіп, шектеу шараларынан зардап шеккен кәсіпкерлер шығындарын өтеуге кіріседі. Жергілікті тау-шаңғы шипажайларына демалуға келетіндердің көбі көрші Германия тұрғындары екен. Сондықтан бизнесмендер неміс демалушыларын асыға күтеді. Ресми Вена Меркель ханымның бастамасына келіссе, саладағы шығындар 2 миллиард еуроға дейін жетуі мүмкін. Австрия тарабынан «қыруар қаржыны Еуроодақ өтесін» деген ұсыныс айтылды. Негізі сарапшылар «неміс билігінің алаңдауын түсінуге болады», дейді. Олар биыл көктемде болған оқиғаны еске салады. Ол кезде Австрияның Ишгль тау-шаңғы шипажайы коронавирус ошағына айналған. 45 елдің 2,5 мың азаматы Австрия үкіметінің үстінен арыз жазды. Олар наурызда шипажайда демалып қайтқан. Алайда үйлеріне оралғанда вирус жұқтырғанын білген. Вирус жұқтырғандардың 80%-і Германия азаматтары. Австрия секілді Швейцария да тау-шаңғы шипажайларын жабудан бас тартып отыр.

Роми Бинер-Хаузер, Церматт ауылының басшысы:

- Біз санитиралық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеміз. Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау секілді шараларды назарсыз қалдырмаймыз. Коронавируспен бірге өмір сүріп үйренуіміз керек. Адамдар шаршады. Оларға демалыс пен таза ауа керек.

Швейцария мен Австрия, осылайша, қарсылық танытып жатса, Италия мен Франция неміс билігінің бастамасымен келісіп отыр. Бірақ француздар «Рождестволық мерекелер кезінде шипажайларды ашамыз» дейді. Онда тұруға, сауда жасауға рұқсат, бірақ тау басына шығып, шаңғы тебуге тыйым салынады. Ал, итальяндық кәсіпкерлер керісінше, биліктен демалыс аймағындағы барлар мен мейрамханаларды жауып тастап, шаңғы тебуге рұқсат беруін сұрайды. Билік бұл ұсынысқа қатысты әзірге еш түсініктеме берген жоқ.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы