421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Чехияда Жаңа жылмен құттықтау мәдениеті түбегейлі өзгерді

  • 114
  • UPD: 18:29, 29.12.2020

Бұрын өзіңіз құрмет тұтатын адамның қолына омела бұтағын ұстату сыйлық жасаудың міндетті жоралғысы болатын. Коронавирус келгелі бұл салт өзгерді.

Желтоқсан айының ортасынан жеткізушілердің айдарынан жел есіп тұр. Чехтардың 90 проценті сыйлықтарын жеке табыстамай, жеткізу қызметінен беріп жіберген.  Тапсырыс  63 есе көбейді. Тіпті зейнеткерлердің өзі жаңа жыл алдында интернетті құлшына игере бастаған. 

Соңғы бірнеше аптада Чехияда курьердің қызметі ең танымал кәсіпке айналды. Олар Рождествоға дейін 20 миллион сыйлықты жеткізіп берген. 31 желтоқсанға жасалған тапсырыс тіптен көп. Жылдың соңғы күні жеткізушілер 30 миллион адамның есігін қағып үлгіруі керек. Мұндай қарбалас тарихта бұрын-соңды болмаған.

Филип Напержаник, жеткізу қызметінің менеджері:

- Бір ғана Прагада тапсырыс 50 есе, ал бүкіл ел бойынша 65 есе көбейді. Шынын айту керек, біз мұндай қарбаласқа мүлде дайын емес едік. Дереу есімізді жиып, орама қағаз бен лентаны қаптатып сатып алдық. Жан аямай, жұмыс істеуге әзірміз. Санта Клаустың 2020 жылғы көмекшілері біз болатын сияқтымыз.

Интернет-дүкендер де дүрлігіп жатыр. Өнімі жетпеген осындай ондаған ірі сауда орыны жабылып қалды. Сондай-ақ ата-әжелерге арналған онлайн курстар биылғы жылдың ноу-хауына айналды. Зейнеткерлер ғаламтор арқылы тапсырысты қалай беруге болатынын жарыса үйренуде. Тіпті кейбір дүкендер 70-тен асқандарға арнап, тікелей телефон желісін іске қосқан. 

Ладислав Чепустка, сыйлық дүкенінің тең құрылтайшысы:

- Қазір қиын уақыт екенін түсінеміз. Көп адамда көңіл-күй жоқ. Ал сыйлық - қуаныш сыйлаудың бірден бір жолы. Карантин әлі күшінде. Сондықтан біздің айымыз оңынан туып тұр. Жағдайға тез бейімделіп, биыл бір де бір адамның сыйлықсыз қалмауы үшін барымызды саламыз.

Жеткізу қызметтері тапқан пайдасы туралы әзірге тіс жарған жоқ. Айтпауы да мүмкін. Қолдары да тимей жатқан шығар. Қалай болғанда да індет кезінде таудай табысқа кенелген бірден бір бизнес саласы - бұл осы интернет-дүкендер.

Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид

Хабар 24 телеарнасы