364,44 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында қария үйінен мұражай ашты

  • 205
  • UPD: 12:52, 07.09.2018

Құрық ауылында тұратын еңбек ардагері өз үйінде мұражай ашты.

Тәжірибелі геолог Тұрсынғали Көшенов Маңғыстау өңіріндегі Жетібай, Қаламқас кеніштерін алғаш ашқандардың бірі. Қарақия ауданының құрметті азаматы геология ғылымының қыр-сырын жас буынға үйретуді парызы деп біледі. Жиналған құнды деректер мен жәдігерлер әзірге жер үйде сақтаулы тұр. Таяу күндері олар әкімдіктен берілген ғимаратқа көшірілмек. Тілшіміз Талғат Исламұлының бейнесюжеті.

Тұрсынғали Көшенов құрамында болған геологиялық экспедиция Маңғыстауда жүзден астам кеніштің көзін ашқан. 30-ға жуығында әлі күнге қара алтын мен көгілдір отын өндіріледі. Геолог-барлаушы болған атай әркез қазба байлық табылған жерден құтыға мұнай құйып алған екен. Зейнетке шыққан соң әріптестері туралы деректер мен олар қолданған құрал-жабдықтарды жинай бастаған. 

Тұрсынғали Көшенов, еңбек ардагері:

- Баяғыда қолмен жұмыс жасағандардың суреті қалса ең болмаса, солар пайдаланған нәрселері қалса, киімдері, өмірбаяны қалса деген ой жүретін еді менде. Сол жігіттердің еңбегінің осы күнде еңбек етіп жүрген адамдардан өзгешелігін, қиындығын мына мұражай көрсетеді.

Жылдың барлық мезгілінде жер қойнауын барлап, палаткалы қалашықта өмір сүрген геологтардың тұрмыстық бұйымдары бүгінде жоқтың қасы. Еңбек ардагері оларды арнайы іздеп, табылғанын мұражайына қояды. Ал салмағы ауырлығына орай еңбек құралдары үй жанындағы көлікжайда сақтаулы. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Тәуелсіздік жылдары Құрық ауылында алғаш рет ашылғалы тұрған мұражайға мына жатқан техникалық құралдар жәдігер ретінде қойылмақ. Шәйнек астына от жағып, шай қайнатуға болатын мосы, тамақ пісіруге арналған примус, салмағы әжептәуір мына еңбек құралына қарап маңғыстау мұнайын алғаш барлаған геологтардың дала жағдайындағы өмірі қиын болғанын түсінесіз.

Аудан әкімдігі еңбек ардагерінің игі бастамасын қолдап, әлеуметтік кешеннен үш бөлме босатып беріпті. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ортаңғы залға Тұрсынғали Көшеновпен бірге еңбек еткен 37 геологтың суреті ілініп, өмірбаяны жазылады. Қалған бөлмелерге жәдігерлер қойылады. Олардың ең құндысы атай салдырған геологиялық карта. Мұнда жерасты байлығы шамамен 200 жылға жететін кеніштер көрсетілген.

Тұрсынғали Көшенов жұбайы Қаншайым Жүсіпқызымен экспедицияда жүрген кезінде танысып, отау құрған. Зейнеткер жасында үй жанынан шипалы су көзін тауып, бұрын мейірбике болған қосағының өтінішімен емдеу-сауықтыру кешенін тұрғызады.

Жұмабай Құтышев, Құрық ауылының тұрғыны:

- Ағамыз сіңірген еңбегінің ішінде осы өзіміз тұрған минеральды сумен емдеу кешені де бар. Мұнда сырт елдерден ден маңғыстау төңірегінен де емделушілер келіп, емін алып кетіп жатыр.

Алты баладан тараған немере-жиендерінің қызығын қызықтаушы Тұрсынғали Көшеновтің жанұясы биыл аймақтық «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарды. Ынтымағы жарасқан ерлі-зайыптылар ақтық кезеңде өлке намысын Астанада қорғайды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Осы категория бойынша: « Димаш Құдайбергенов «Новая волна» байқауында көрерменнің қошеметіне бөленді «Тағы да сүй» телехикаясы «Хабар» арнасынан көрерменге жол тартады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы