384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ ұлттық асханасының бірегей тағамдары туралы не білеміз

  • 183
  • UPD: 19:35, 25.11.2019
Қазақ ұлттық асханасының бірегей тағамдары туралы не білеміз

Үлпершек, өрметөс, бүрмеқарын, ұлтабар... Атауы да, жасалуы да ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлттық тағамдары қайта жаңғырды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елордада «Қазақ ұлттық асханасының бірегей тағамдары» фестивалі ұйымдастырылып, оған еліміздің әр өңірінен бесаспап 12 аспасаз қатысты. Шараның мақсаты да – халқымыздың бірегей тағамдарының ежелгі жасалу жолы мен дәмін сақтап қалу. 

Ақтаулық Толқын Түйебаева халқымыздың ұлттық тағамдарында үлкен мән-мағына барын айтады. Өзі күйеу баласына қойдың төсінен «өрметөс» жасауды әдетке айналдырған. Майлы төс пен аш ішектен жасалған тағамды әжесінен үйреніпті.

Толқын Түйебаева, қатысушы /Ақтау қаласы/

– Бұл тағамдардың бәрін маған әжем үйреткен. Ең сүйікті тағамдарымның бірі – «Өрметөс». Күйеу балаға арналған сыбаға. Ас ішекті тазалап, жасап беремін.

Бүгінге дейін ата-бабамыздан мұра болған өнер мен дәстүр ғана емес, қазақтың ұлттық тағамдары да көпке аян. Алайда ұлттық асхананың ұмыт болған тағамдары да жетерлік. Еті мен бауырсағын баптап пісірген әжелеріміз, ас-ауқаттың сан түрін дайындап қана қоймай, әрбіріне тән түсінік бере білген. «Қазақтану» жобасы бұған дейін еліміздің әр түкпірінен 200-ден астам ұлттық тағам түрі мен атауын қайта жандандырды.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарының бірі – үлпершек. Оны ірі қара малдың жүрегінен жасайды. Тұрмысқа шыққан қызы төркіндеп келгенде ата-анасы арнайы пісіріп берген.

Бұл фестивальде де ет, сүт және ұннан жасалған ұлтық тағамның сан түрін көруге болады. Әрлеуі де ерекше. Ұйымдастырушылар мейрамханалар да ұлттық тағам мәзірін көбейтсе дейді. Осылайша, елімізге келетін туристер салт-дәстүрімізді ғана емес, қазақы асхананың ерекшеліктерімен де таныстыруды көздейді.

Жанболат Тәуел, «Алтын қазына» бірлестігінің өкілі:

– Қазақтың дастарханы деген кезде, біріншіден көбінің есіне ет пен бауырсақ түседі. Біз осы стереотипті бұзып, бір жылдай экспедиция жасап, ел төңірегінде танымал болмаған қазақ тағамдарының 200-ден астам түрін таптық.

Ұлттық тағамды дайындауда әр отбасының ас дайындау технологиясының құпиясы болған. Сонымен қатар қазіргі фаст-фуд деп жүрген жеңіл астың да қазақы түрлері көп. Ғалымдар сондай ұлттық жеңіл асты да насихаттау керектігін айтады.

Мейрам Шотай, ғылым докторы:

– Француздарда «бистро» деген бар ғой. Сол сияқты «қазір-әзір» деген ұлттық болмысы бар. Жылдам пісірілетін бізде де қатырма бар, грузиндер «лаваш» дейді, соның бетіне май жағып, ірімшік қосып жасаса болады.

Дәстүрлі қазақы астың ерекшеліктері арқылы халқымыздың салтын тануға болады. Әр тағамында терең түсінік, астарлы мән жатыр. Қонақжайлық мәдениетінің де биік болуы содан болар. «Қазақ халқының бірегей ұлттық тағамдары» фестивалінде де осы үрдіс көрініс тапты.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы