432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Францияда қазақ мәдениеті маусымы онлайн форматта өтеді

  • 150
  • UPD: 18:46, 21.09.2020

Францияда коронавирусқа байланысты жағдай ушығып тұрса да, бұл дәстүрлі қазақ мәдениеті маусымының ашылуына кедергі бола алмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан тура бір жыл бұрын әртістер арнайы залдар мен әсем безендірілген сахналарда еуропалықтарды таңдай қақтырса, биыл онлайн форматта өнер көрсетуге мәжбүр.

Париж төрінде Қазақстан мәдениеті маусымының ашылуы жылда кішігірім думанға ұласатын. Алайда пандемияға байланысты жоспарланған көп қызық оффлайн форматқа ауыстырылды. Талапқа сай, қонақтардың саны да едәуір қысқарып, әр келушінің маска тағып жүруі қатаң бақыланады.

Жан Ғалиев, ҚР-ның Франциядағы елшісі:

– Әлемдегі қазіргі ахуалды білсек те, біз жылдағы дәстүрден жаңылмадық. Тек осы жолы іс-шараны басқаша өткіземіз деп шештік. Қазір технологияның дамыған заманы екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан биылғы маусымның бағдарламасы түгел дерлік онлайн форматта көрсетіледі. Осылайша, жалғыз Франция ғана емес, озық технологияның көмегімен бүкіл әлем қазақ мәдениетімен таныса алады.

Қазақ халқының бай мұрасын талғамы биік еуропалықтарға таныстыру мәртебесі елдегі бірнеше іргелі өнер ұжымына жүктелді. Атап айтсақ, «Астана Мюзикл» әртістері мен Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары көрсетілімін онлайн паш етсе,

Жамбыл филармониясы мен этнографиялық ансамбльдің концерті тікелей эфирде берілді. Сондай ақ Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі әзірлеген бейнекөрме жиылған жұртты таң тамаша етті.

Әйгерім Ерсайынова, «Қорқыт Ата» мәдени орталығының құрылтайшысы:

– Осы жылы бізге көп балалар келіп жатыр. Және француздар да келіп жатыр. Бірінші жылы тек қана бір-екі француз болса, осы жылы 5-тен аса француз бар. Оған себеп – Димаш Құдайбергенов.

Амед, тұрғын:

– Мен мәдениет орталығына жиі келемін. Себебі қазақ тілін меңгеруіме көп көмегі тиеді. Алғашында өзім үйрене бастадым, кейін арнайы курстар бар екенін біліп, машығымды сол жерде жетілдіруді шештім. Парижде мұндай орталықтар өте аз.

Іс-шарадан түйгеніміз, күрделі эпиджағдай Франция тұрғындарының түркі өркениетін жақынан танып-білуіге деген құлшынысын еселемесе, кеміте алмапты. Бұған қоса, «Қорқыт ата» мәдени орталығының бағдарламасы жаңа оқу жылында тыңдармандардың сұранысы бойынша кеңейтілді. Демек, биылғы өнер маусымы мұндағы жұртқа қазақтың атақты тұлғаларын әйгілеп қана қоймай, жаңа есімдердің танылуына септесері күмәнсіз.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы