389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОҚО-да Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азық-түлік бағасы көтерілмейді

  • 642
  • UPD: 13:49, 28.12.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында азық-түліктің бағасы тұрақты.

Жаңа жыл қарсаңында да базарлар мен сауда орындарында бағаның күрт көтерілуіне себеп жоқ. Осылай деген өңірдегі тұрақтандыру қорының өкілдері қоймада қажетті тауарлардың жеткілікті екендігін айтады. Әлеуметтік дүкендер де ел игілігін көріп отыр.

Қыс мезгілінде азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берілмейді. Тұрақтандыру қоры қазірден тиісті шараларды қолға алған. Яғни халық көп тұтынатын өнімдердің қорын жеткілікті көлемде дайындап қойыпты. Бағаның өзгермеуіне осылай ықпал етпек. Аталған қордың 4 мың шаршы метрлік қоймаларында 6,5 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарлары сақтаулы тұр.

Маратбек Мырзамұратов, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары:

Жаңа жылға дейін және Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тауар қымбаттайды деген бізде болжам жоқ. Қаңтар айында жыл сайын талдау жұмыстары жүргізіліп жатады. Нақты қымбаттау байқалмайды. Сатып алынған тауар көктемге дейін жеткілікті.

Тұрақтандыру қорына барлық тауарлар биржа арқылы сатып алынады. Екі жақты жасалған шарт бойынша сатушылар тауарларын өзінде сақтап, кейіннен сұранысқа сай осы қоймаға жеткізіп береді. Ал Шымкенттің іргесіндегі Сайрам ауданында күн сайын 19 әлеуметтік маңызы бар тауарларға бақылау жасалынады. Мұнда екі әлеуметтік базар бар. Елді мекен халқы күріш пен тұздан басқаның бәрін өздері өндіреді.

Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Екі әлеуметтік базар ашылған. Ол жерде барлық азық-түлік, көкөніс көтерме бағамен сатылады. Өте қолайлы. Кез келген азаматтар да заттарды ала береді. Басқа жерлерде 400 теңгеден сатылатын алмалар 230-250 теңгеден сатылып жатыр. Картопты көтерме бағамен 100-90 теңгеге алуға болады.

Мұндағы әлеуметтік базар мен дүкендердегі баға жергілікті тұрғындардың көңілінен шығады.

Күләш Шонева, Сайрам ауданының тұрғыны:

– Үйге керекті заттарды осы жерден аламын. Бағасы тиімді. Қалаға қарағанда арзан.

Өңірдегі тұрақтандыру қоры жуырда жаңа қоймаға көшті. Заманауи қоймада сақталған картоп 85, сәбіз 80, ал пияз 50 теңгеден саудаланады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы