384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық альпинист Аяз аталар емханада жатқан балаларға сыйлық таратты

  • 535
  • UPD: 15:27, 31.12.2017

Алматылық жас альпинистер жаңа жылдық құттықтауды ерекше етіп жасады.

Аяз атаның киімін киіп, базарлығын арқалап, ғимаратқа өрмелейді. Сөйтіп олар емхана мен балалар үйіндегі жас өрендерді естен кетпес қуанышқа бөледі.

Альпинист Аяз ата балалар емханасы ғимаратымен өрмелеп барады. Арнайы арқан 1 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады. Сондықтан аса қауіпті емес. Төртінші қабаттағы палатада балалар сыйлығын тағатсыздана күтіп отыр.

Барлығы ертегідегідей. Аяз ата келем десе, сыйлығын терезеден береді. Балалармен қоса үлкендер де қуанышты. Дәрігерлердің айтуынша, науқас бүлдіршіндерді дәл осылай қуантудың дәрі-дәрмектен әлдеқайда пайдасы зор. Қуанса бала қуансын!

Келесі нысан – балалар үйі. Мұнда да көздері жәудіреген балғындар Аяз атаның келуін күтіп отыр. Осындай мерекелік шара алғаш рет өткізілді. Ұйымдастырушылары қалалық қорғаныс ісі басқармасы мен «Киров» әскери-патриоттық клубы.

Кристина Новикова, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Қазіргі таңда Алматыда 20-ға жуық әскери патриоттық клуб бар. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бұл клубтарды өз қамқорлығына алып, материалдық және әдістемелік қолдау көрсетіп тұрады.

Жалпы ғимаратқа шығуға қарағанда оған дайындық көп уақытты алады. Арнайы құрал-саймандарды реттеп, қауіпсіздік шараларын мұқият қадағалау қажет. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев, Сержан Жұмабаев 

Хабар 24 телеарнасы