384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде мыс пен мырыш өндіру компаниясы цифрлануды бастайды

  • 1061
  • UPD: 16:42, 28.02.2018
Ақтөбеде мыс пен мырыш өндіру компаниясы цифрлануды бастайды

Биыл Ақтөбеде 25 кәсіпорын өз өндірісін цифрландыру үшін қомақты қаржы жұмсамақ. Жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық салаға заманауи технология енгізу жоспары бар. Сонымен бірге «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің 18 инновациялық технологиясын енгізу жұмыстары да жүріп жатыр.

Биыл жаңғырудан өтетін 25 кәсіпорынның ішінде мыс және мырыш өндіріп отырған ірі компания бар. Кен игеруді 2005 жылы бастаған кәсіпорын шикізатты 270 метр тереңдіктен ашық әдіспен алады. Өндірісте Финляндияның жоғары технологиялы жабдықтары қолданылады. Компания биыл жаңғырту бағдарламасын жасап, цифрландыру шараларын жүргізбек. Өткен жылы бірнеше кеніштен 5 млн тонна мыс және мырыш өндірген.

Артём Бородулин, компанияның бас директоры:

- Жаңғыртудың нәтижесінде жаңадан жабдықтар алынады. Яғни мыс концентратының көлемі ұлғаяды. Өндіріске енгізілетін заманауи технологияны басқару жүйесі компьютерге көшеді. Бір тетікті басу арқылы бар жұмысты атқаруға болады. Есесіне шығарылатын өнімнің өзіндік құны арзандайды.

Компанияда мыңнан астам адам жұмыс істейді. Басшыларының айтуынша, өндіріс автоматты жүйеге көшкен жағдайдың өзінде жұмысшылар саны қысқармайды. Себебі жаңа инвестициялық жобалар іске асып жатыр. 2 жыл бұрын «Құндызды» кен орнын игеруді бастады. Сол кезде Мұғалжар ауданы Егіндікөл ауылы маңында мыстың мол қоры табылған еді. Алдағы бірнеше жылда бұл карьердің тереңдігі 346 метрге дейін жетеді. Жалпы өңірде 2021 жылға дейін 93 ірі компания жаңғыртудан өтеді. Бұл мақсатқа 500 млрд теңге жұмсалады.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

- 2018 жылы 25 кәсіпорынға қосымша жаңғырту жүргізіледі. Ауқымды жоспарды іске асыру үшін 35 млрд теңге жұмсалады. Облыс билігі мен ірі компаниялар арасында бірлескен жол картасы жасалды. Яғни қай өндіріске қандай жабдық алынатынын біліп отырамыз. Бұл мамандарды дайындау үшін қажет.

Жаңғыртудан өтетін компанияларда мамандардың біліктілігін арттыру, жұмысшыларды қайта оқыту шаралары қатар жүреді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы