383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде «Солнечная долина» саяжай алқабын су басты

  • 432
  • UPD: 22:03, 01.04.2018

Ертіс өзені жағасындағы 60-тан астам жер телімі мен үйге су кірген.

Алайда мұнда тұрғындар негізінен жазғы маусымда ғана болатындықтан, бір отбасы ғана қауіпсіз жерге көшірілді.

«Солнечная долина» саяжайлар алқабында 760-тан астам үй бар. Кооператив төрайымының айтуынша, кеше түнде мұнда 3-4 көшені су басқан. Қазір, міне, мұзға айналған жағдайы бар. Негізінен мұнда бірен-саран отбасы болмаса, қыста ешкім тұрмайды. Сондықтан кеше түнде төтенше жағдай мамандары тек бір отбасын ғана қауіпсіз жерге көшірген.

Қазір саяжайлар алқабында төтенше жағдай мамандары тәуліктік кезекшілік етіп, су деңгейін бақылап отыр. Барлығы 2 техника мен 10 адам жұмылдырылған. Саяжай иелері кооперативке телефон арқылы хабарласып, ахуалды білуге тырысып жатыр.

Анатолий Берюков, «Солнечная долина» саяжай кооперативінің қызметкері:

- Түнгі сағат 2-ден бастап 3-ке дейін су келе бастады. Көз алдымызда деңгейі бірден көтерілді де, біраздан кейін қайта түсе бастады. Біз күні-түні кезекшілік етіп жүрміз.

Қазір бұл аумақ та толық бақылауда. Жергілікті әкімдік жағдай тұрақты екенін айтады.

Серік Ақтанов, Төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі облыстық штабтың жетекшісі:

- 5-6 күннің ішінде 482 адам эвакуацияланды. Соның 188-і мейманханаларда, мектеп-интернаттарда орналастырылған. Отбасы мүшелері көп болса, 2 бөлмеден беріп жатыр. Күнделікті 3 уақыт тамағы дайындалған. Сөйтсе де көбінде адамдарға рухани көмек керек. Семей қаласының әкімшілігі адамдары әрқайсысымен аралап, сөйлесіп, қандай мұқтаждықтары бар, сұрап-біліп жатыр, адамдарға сенім керек. Ертең олардың үйлерін су қайтқаннан кейін жөндеп беретінін, оған мемлекет көмектесетінін білуі керек. Сондықтан осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы қала бойынша 40 шақты техника, 60-тан астам адам құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр. Бірнеше күннің ішінде 100 мың текше метрден астам су сорылған.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы