389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғарғы сот 2014 жылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен сотталған шекарашыны ақтады

  • 621
  • UPD: 17:24, 05.06.2018
Жоғарғы сот 2014 жылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен сотталған шекарашыны ақтады

Тергеу органы «Қапланбек» шекара бақылау бөлімшесінің 27 жасар аға бақылаушысы Арман Сәрсенбаевты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, пара ретінде берілген ақшаны алып, Өзбекстан азаматтарын Мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізгені үшін кінәлі деп таныған.

Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

2014 жылғы 19 маусымда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты мемлекеттiк қызмет атқаруға уәкiлеттi тұлға бола тұра, пара алу түріндегі заңсыз әрекеті (әрекетсiздiгі) үшін А.Сәрсенбаевты мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруға соттаған.  

А.Сәрсенбаев ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған өзінің қызмет бабын пайдалану арқылы басшылық жасау кінәлары бойынша ақталған.

Апелляциялық сот алқасы сотталғанға қатысты шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырған. Істі кассациялық сатыда қараған ҚР Әскери соты А.Сәрсенбаевқа тағайындалған жазаны 1 жыл 3 айға дейін төмендетіп, шығарылған сот актілерін өзгерткен.

Сотталған мен оның адвокаты шығарылған сот актілерімен келіспей, Жоғарғы Сотқа өтінішхаттармен жүгініп, онда шығарылған үкімдер куәгерлердің дәлелденбеген уәждеріне негізделгенін, олардың сотталғанмен таныс болмағандығын көрсеткен. Сонымен қатар істегі айыптаудың негізін құрайтын жайт, яғни Өзбекстан азаматын шекарадан заңсыз өткізу туралы телефон әңгімелері стенограммаларының жоқтығы айтылған.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы расталмаған және қарама-қайшы куәгерлік уәждердің негізінде ғана А.Сәрсенбаевты соттауды дұрыс емес деп есептейді. Бірнеше рет телефон шалу, Өзбекстан азаматтарын шекарадан заңсыз өткізу туралы айыптау органының уәждері нақты дәлелдердің болмауына байланысты назарға алынбады.

Істі қарау барысында сотталған мен куәгердің арасындағы бір ғана телефон қоңырауы расталды. Осы ретте әңгіменің стенограммасы өзара сөйлесудің жұмысқа қатысты жайттардан тұратындығын көрсеткен. Бұған қоса, істі өз пайдасына шешуге мүдделі куәгердің осы қоңырауы сот тарапынан ескерілмеуі керек. Тергеу сатысында осы куәгер А.Сәрсенбаевқа азаматтарды шекарадан заңсыз өткізгені үшін ақша бергенін айтқан. Бірқатар ауыр қылмысты жасағанына өкініп, тергеуге көмектескен ол азаматты тергеу органы қылмыстық жауаптылықтан босатқан.

А.Сәрсенбаевтың ақшалай сыйақыны алғанын айғақтайтын бұлтартпас дәлелдердің жоқтығына назар аударылды. Шын мәнінде, жедел тергеу шараларын жүргізу кезінде пара ретінде берілуі мүмкін ақша табылмаған.

Осы айтылғандарды ескере келе, Жоғарғы сот қылмыстық істі жүргізуді тоқтатып, тағылған айыптар бойынша А.Сәрсенбаевты толығымен ақтады. Оның қылмыстық қудалау органдарының заңсыз әрекеті салдарынан тартқан залалын өндіріп алу және оңалту құқығы танылды.

Жоғары сот органы бүгін тағы басқа екі қылмыстық іс бойынша ақтау үкімдерін шығарды. Олардың мән-жайы сот қаулылары әзірленгеннен соң хабарланатын болады.

Хабар 24 телеарнасы