384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жас ғалымдардың жобаларын қолдауға инвесторлар қажет

  • 1346
  • UPD: 15:18, 31.01.2019

Қазақстанда жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыруға жыл сайын 3 трлн теңге бөлінеді, деп жазады «Хабар 24».

Өнертабыстар сан қырлы. Бірі ветеринария саласында өзекті болса, енді бірі азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған. Жергілікті шаруалар отандық ғалымдардың жобасын қолдап, кәдеге жаратуда. Алайда кейбіріне инвесторлар қажет.

Астаналық жас ветеринарлар нәрлі сүт алудың жолын біледі. Олар ірі қараға арналған дәрумендер мен минералға толы жем-шөп қоспасын ойлап тапқан. Құнарлы азықты жеген сауын сиырдың сүті көбейеді, бұзауы да 30 пайызға жылдамырақ салмақ қосады. Сөзімізді Ақмола облысындағы шаруалар растап отыр. Экологиялық таза өнім салалық ЖОО жанындағы ғылыми зертханада шығарылған. 

Юрий Балджи, ветеринария ғылымдарының кандидаты:

- Біз осы жоба аясында өндіріс құруды қолға алмақпыз. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алу үшін жеткізіп берушілермен келісім жасадық. Осындай қоспалар шығаратын шағын зауыт болады. Әрине, бұл өніммен шектелмейміз. Бүгінде елімізде 8 млн ірі қара бар. Демек, сұраныс аз болмауы тиіс.

Жас ғалымдардың ұсынары көп. Соның бірі – азық-түлік қауіпсіздігін анықтауға арналған сынамалар. Өнімді көпшілікке ұсыну үшін инвесторлар қажет. Шетелден қыруар қаржыға алынатын баламалы өнімдер бюджетке салмақ салары анық. Ал отандық сынама жергілікті зертханалар үшін анағұрлым қолжетімді. 

Жалпы, ғылым қорында тіркелген өнертабыстардың 40 пайызы жастарға тиесілі. Үздігі мемлекет тарапынан қаржыландырылып, жүзеге асырылуда. Деректерге сүйенсек, соңғы 3 жылда 20-дан аса жоба іске асты. Қазынаға түскен түсім – 20 млрд теңге. Ғалымдар бөлінген грант пен алынатын салық үлесі үйлеспейді дейді.

Әнуарбек Сұлтанғазин, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- ҚҚС деген салық бар. Грант алғаннан кейін сол ҚҚС-ты төлейміз. Сол салықты алмаса екен. Жоба біткеннен кейін алсын, оған дейін алмаса екен. Сондай ұсыныс бар.

Сондай-ақ жас стартаптарды қанаттандыруға арналған қор құру да уақыт талабы. Ал қолға алынған жоба кәдеге жарауы үшін коммерциялық құрылымдар тарапынан қолдау қажет. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Индира Тегжанова, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы