375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысы Кентау ауданында тұрғындар Алғыс айту күнін атап өтті

  • 307
  • UPD: 19:47, 01.03.2019

Шымкент қаласында тұрып жатқан этномәдени бірлестіктер Алғыс айту күнін 1 апта бұрын бастап кеткен еді. Алғыс айту күнін Түркістан облысы Кентау ауданының тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алып, мерекенің мерейін арттырды. Өзге ұлт өкілдері мейрібан қазақ халқына алғыс айтып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырды.

Түркістан облысындағы Кентаулықтар таңмен таласа тұрып, қаладағы Ш. Қалдыаяқов атындағы мәдениет сарайына жиналды. Қонақтарды ұлттық киімдегі түрлі ұлт өкілдерінен құралған жастар қарсы алды. Мерекелік шара «Алғысым саған елім» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Онда қиын-қыстау кезеңде қазақ даласына жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің жай-күйі, мейірбан қазақ халқының оларды құшақ жая қарсы алуы ерекше көрініс тапты. Тарихтан сыр шертетін тағылымды әңгіме өрбітіп, бейбіт өмірдің бастауы – бірлікте екенін жеткізді. Одан кейін Кентау қаласында тұратын өзге ұлт өкілдері бір кездері өз ата-бабаларын кең пейіл Қазақ халқының өз бауырындай қарсы алып, құшағына басқанын тебірене әңгімеледі.

Наталья Попова, славян этно-мәдени орталығының төрайымы:

-Біз осы жерде туып-өстік. Өмір бойы қазақ халқымен бірге жасап келеміз. Бір ретте қазақ елі туралы жаман әңгіме естіген жоқпын. Тек бауырмалдығы мен қонақжайлылығын көрін, көпшілдігі мен меәірбандығын ғана көріп келемін. Сондықтан кең пейіл қазақ халықна тек алғыс қана айтамын. Татулық, бірлігіміз нығая түссін, еліміз аман, жеріміз көркейе берсін.

Жалпы Кентау ауданында 30-дан аса ұлт өкілі тұрады. 5 этно-мәдени орталық жұмыс істейді. Ауданда өзге ұлт өкілдерінің тілі мен дінін, мәдениеті мен дәстүрін сақтап, кеңінен насихаттауға барлық жағдай жасалған. Сондықтан бүгін олар да кең пейіл қазақ халқына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Авторлары: Нұрбек Байбосын Жандос Жұмабек, Нұрмахан Мұсатов, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы