377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қаламқас» кен орнында шыққан өртті сөндіруге қосымша техника жұмылдырылды

  • 174
  • UPD: 21:02, 26.03.2019

Кеше Қаламқас кен орнында шыққан өртті сөндіруге Атыраудан қосымша техника жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді.

Қазір төтенше жағдай орнында 20 техника мен жеке құрамның 83 маманы жұмыс істеп жатыр. Бірнеше рет лафеттік ұңғылар арқылы апатты жоюға тырысқан. Алайда қызыл жалынның ошағына тікелей кіретін жолдардың болмауына байланысты әзірге нәтиже жоқ.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасы:

– Өртті сөндіру үшін айтарлықтай дайындық жұмыстарын жүргізу қажет, бұл шаралар күні бойы жасалып жатыр. Өрт орны қоршалған, жел жағынан алаң салынады, онда газ-су сөндіру автомобильдері орнатылады және суды үздіксіз беруді қамтамасыз ету үшін магистральды желілер төселеді.

Еске салайық, 25 наурыз күні таңғы сағат 7 кезінде Маңғыстау облыстық ТЖД «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінен шыққан газ жанып, биіктігі 10 метрге дейін жалын атқылап жатқандығы туралы хабарлама түскен болатын. Өрт аумағы 900 шаршы метрді алып жатыр. Ал оның алдында 13 наурызда осы «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында ұңғыманы бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылап, төтенше жағдай болған еді. Осыған байланысты облыстық экология департаменті тексеру жұмыстарын бастады. Ондағы ауа сапасы, ілеспе судың және топырақтың сапасы күнде тексеріліп отыр.

Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ. Шығын мөлшері де белгісіз.

Хабар 24 телеарнасы