377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда экологиялық кодекс әзірленуде

  • 128
  • UPD: 21:22, 04.04.2019

Құжатқа жаһандық климаттың өзгеруіне бейімделу ережесі енгізілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Заңнама улы газдардың ауаға таралуына тосқауыл болады», – дейді мамандар. Бұл туралы Ташкентте өтіп жатқан арнайы халықаралық конференцияда айтылды. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жиынға бауырлас бес мемлекетпен қатар алыс елдерден белді сарапшылар арнайы келген.

Ташкентке жиналған ғалымдар мен сарапшылар климаттың өзгеруі салдарынан қоршаған ортада орын алып жатқан жағдайларды бірлесіп шешеу жайын ортаға салды. Табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін жаңартылған энергия көздерін өндіру мен ресурстарды тиімді пайдалану өзекті мәселе болып қала бермек. Ал жаһандық жылыну қазірдің өзінде экономиканың барлық саласына кері әсерін тиігізіп отырғаны анық. «Сондықтан Орталық Азия елдері күш-біріктіру арқылы ғана аймақтағы экономикалық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін сақтап қалуға болады», – дейді мамандар.

Искандар Абдуллаев, Орталық Азия аймақтық экологиялық орталығының атқарушы директоры:

– Барлық елдерді экономикалық және әлеуметтік жағынан алып қарағанда, өз артықшылықтары бар. Егер біз сол жетістіктерді біріктіретін болсақ, онда табиғи өзгеріске тез бейімделуге болады. Су тапшылығы мен ауыл шаруашылығы, энергетикалық мәселелерді де шеше аламыз. Әрине жекелей жетістікке де жетуге болады. Оған ешкімнің таласы жоқ. Дегенмен оған ұзақ уақы кетеді және көп шығын жұмсалады. Сондықтан осы конференция климаттық өзгерістерге қарсы бірлесу алаңы бола алады деп ойламыз. Біз оған бірлесіп қол жеткізе аламыз.

Конференцияда 2015 жылы қабылданған климат жөніндегі Париж келісім шартының орындалуы мен оны жүзеге асыру мәселесі де қаралды. Бұл ретте Қазақстан климаттық өзгеруге байланысты 2018-2020 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын бекіткен. Оған қоса еліміздің Энергетика министірлігі экологиялық кодекс әзірлеуде. Құжатқа климаттың өзгеруіне бейімделу ережесі енгізілмек. Бұл улы газдардың ауаға таралуына тосақауыл қоятын негізгі заңнама болады.

Бекберген Керей, ҚР Энергетика министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және экономикалық интеграция процестері департаменті директорының орынбасары:

– Энергетика министрлігі жаңа экологиялық кодекс әзірлеп жатыр. Мұндағы ең басты мәселе үлкен ереже болып бектіледі. Мұнда климаттың өзгеруіне бейімделу мәселесінің ережесін енгізіп жатырмыз. Елбасының тапсырмасы болған. Осы мақсатта қазір жұмыс тобы құрылған. Осы жылдың аяғына дейін біз Мәжіліс Парламентіне жаңа жобаны енгізуіміз керек.

Конференцияда трансшекаралық өзен суларын тиімді пайлану мәселесі де қаралды. Өйткені бауырлас елдердегі 55 миллонға жуық халық егіншілікпен айналысады. Қазірдің өзінде егістік алқаптардың 90 проценті жасанды суғарылады. Қатар келіп жатқан құрғақшылық пен климаттың өзгеруінен 2050 жылға қарай ағын суға деген сұраныс 30 процентке артады, дейді ғалымдар. Аптапты ыстық таудағы мұздақтардың тез еруіне әкеп соғуда. Сондықтан заманауи технологияны көбірек ендіріп, суды барынша үнемдеуге бейімделуіміз қажет, дейді ғалымдар.

Жалил Бузруков, Орталық Азияның орнықты дамуы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның ғылыми-ақпараттық орталығының тәжікстандық бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бұл жерде әрі қарай не істеуіміз керек деген сауал тұр. Жай шақыртудан нақты іске көшуіміз қажет. Орталық Азия аумағындағы климаттық өзгерістерді төмендету үшін не істеуіміз керек. Өйткені аймақтың жарты бөлігін алып жатқан таудағы мұздақтар тез еруде. Бұл – өте ауқымды әрі өзекті мәселе. Оған бір жақты емес тұтастай бинтергациялық жүйемен мән берген жөн.

Алқалы жиында көтерілген келелі мәселенің бірі «Арал» жайында болды. Өйткені теңіз ұлтанынан көтерілген тұзды шаң шартарапқа тарап жатыр. Бүгінде Қазақстан кіші Аралды толтырып, балығын тулатып отыр. Өзбекстан тарапы да үлкен аралды сақтап қалу үшін барын салуда. Қос мемлекет теңіз ұлтандағы мыңдаған гектар алқапқа құм мен жиналған тұздың жаппай көшуіне тосқауыл болатын сексеуіл мен басқа да шөлге төзімді өсімдіктер егіп жатқаны айтылды. Конференция аясында «Жасыл экологиялық технологиялардың бүгінгі жетістігі көрсетіліп, бауырлас бес елдің ғалымдары климаттық өзгеріске қарсы бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласып тарқасты.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков Темур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы