379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда арзандатылған жылу ақысы қашанға дейін сақталады?

  • 95
  • UPD: 22:03, 16.04.2019

Көкшетауда өткен жылдың соңынан бастап жылу ақысы 37 процентке арзандады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған дейін тұрғындар пәтердің бір шаршы метрі үшін 130 теңгеден төлеп келсе, қазір бұл тариф 80 теңгенің шамасында. Айта кетейік, Көкшетауда жылу маусымы 8 айға созылып, 1 мамыр күні аяқталады.

Зейнеткер Жанар Сұлтанова әр ай сайын есеп-қисап жүргізіп отырады. Тіпті бұрынғы тұрған үйлерімен де салыстырады екен. Мәселен, ауылда тіпті 13 мың теңгеге дейін жылу ақысын төлеп едік, - дейді. Ал, қалаға көшіп келіп, арзаншылыққа кезіккеніне таң қалады.

Жанар Сұлтанова, зейнеткер:

– Мінекей, былтырғыдан бері қағаздарды жинап отырмын. Биылғы тариф төмен түсті. Бұрын 7 мың төлейтінбіз. Қазір – 4 мың. Ал жылы уақытта – 2 мың, 3 жарым мың.

Ал тарифтің төмендеуі өткен жылдың күзінде жүргізілген кешенді тексеріс нәтижесінен соң орын алды. Себебі Көкшетауға жылу таратушы мекеме келісімшартта шығындардың көлемін асыра көрсетіп, тарифті негізсіз өсірген.

Нұрлан Жалғасбаев, облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:

– Өткен жылы біз прокуратура органдарымен бірігіп, коммуналдық мекемелердің тарифтерді негізсіз өсіргенін анықтадық. Ал тұрғындарға келтірілген шығындардың жалпы 1 млрд 600 мың теңгеден астам асады. Бұл істерге қатысты тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда.

Осы былықтардың барлығы үшін «Көкшетау-жылу» коммуналдық мекемесінің бас директоры жұмыстан қуылды. Ал табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшылық құрамындағы бірнеше лауазымды тұлға уақытша қызметтен шеттетілді. Тек Көкшетауда емес, тағы бірнеше ауданда жылу ақысы арзандатылды. Яғни компенсациялық тариф орнатылды.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Бәрі жақсы. Алайда компенсациялық тариф бір жылға ғана бекітілген. Яғни осы жылдың соңынан бастап тұрғындар бұрынғы тарифпен жылу ақысын төлейтін болады. Яғни баспанасының әрбір шаршы метрі үшін 130 теңгеден қаржы беретін болады. Бірақ мұның өзін мамандар тек тексерістен өткізіп барып бекітеміз, - дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы