379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балабақшадағы хабарлама: Баламен кіруге болмайды!

  • 147
  • UPD: 23:46, 17.04.2019

«Баламен кіруге болмайды!». Қостанай облысының Қашар кентіндегі балабақшаның екінші қабатындағы есікке осындай хабарлама ілінген.

Себебі төбеден аққан судың салдарынан тоқ тұйықталып, өрт шығу қаупі бар. Жаңбыр жауған сайын балабақша қызметкерлері шелек-ыдыстарын дайындап, әбігерге түседі. Осындай мазасыз күй кешкен мектепке дейінгі білім беру мекемесінде «Хабар 24» арнасының тілшісі болып қайтты.

Бұл тарсылдар балалардың ойыны немесе төтенше жағдайдағы оқу-жаттығу емес. Бейнебақылау камерасына жазылған шынайы оқиға. Әдеттегі музыка сабағы кезінде электр жабдығы тарс етіп атылған. Абырой болғанда, от тұтанып, өрт шыққан жоқ. Көктем басталғалы бері мұндағылар төбеден аққан судың азабын тартып келеді.

Ботакөз Шайхыстанова, балабақша қызметкері:

- Су аққан кезде бүкіл қызметкерлер жүгіріп, шелектерімізді алып, мына жерлерді тряпкамен жуып, нәрселерді жылжытып, анау нәрсе, біз тұрған шкафтардың бәрі бүлініп жатыр. Шкафтардың бүлінетін себебі, су аққан сайын , масқара, кәдімгі бір топан су болады.

Музыкалық, спорт залы, ойын, жатын бөлмелері бар балабақшаның екінші қабаты бүгінде тарс жабық. 150-ге жуық балаға бірінші қабат тарлық еткендіктен біразын үйлеріне жіберген. Бұл, әрине, ата-аналарға қолайсыздық тудырады.

Юлия Касенова, ата-ана:

- Маған төрт жастағы қызымды үйде қалдыруға тура келеді. Баламен отыруға қазір егде тартқан әжемізге қолқа салып жүрміз. Үлкен кісіге, әрине, қиын. Бізде алаңдаумен боламыз. Күйеуіміз екеуміз жұмыста болғандықтан, басқа амал жоқ.

Бұл балабақшаның төбесі бір жарым жыл бұрын ғана жөнделген. Бес миллион теңгеге жуық ақша жұмсалыпты. Бірақ не керек ұзаққа шыдамады.

Марина Козлова, балабақша меңгерушісі:

- Бастапқыда 2018 жылы ғимарат төбесі сыр бере қойған жоқ. 2019 жылдың наурыз айында күтпеген жерден жатын бөлменің төбе сылақтары құлады. Сәтін салғанда, балалар зардап шеккен жоқ. Сосын аққан су екінші қабатты толық жайлап кетті.

Бұл ғимарат Рудный қалалық құрылыс бөлімінің балансында тұр. Мердігермен келісімшарт жасасқан да, жұмысты қабылдап алған да сол мекеме. Кепілдік бір жылға ғана берілгендіктен мердігерден енді бірдеңе талап ету мүмкін емес. Сондықтан балабақша төбесін қайтара жөндеуге басқа ақша көздерін  қарастыруға тура келеді.

Жеңіс Жылгелдин, Қашар кентінің әкімі:

- Кеше комиссия отырысы болды. Сонда енді шешім шықты, әуелі техобследование істелуі керек деген. Сол неден кейін сол қаржы бөлінеді. Смета бойынша әкімнің резервінен. Сосын енді созбай, бұл ремонтты тезірек істейді.

Ресми мәлімет бойынша, Қостанай облысында балғындардың 99,7 пайызы балабақшамен қамтылған. Өңірде 600-ден астам мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Соның биыл бесеуіне күрделі жөндеу жүргізілмек.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы