384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде науқасқа алғаш рет шағын инвазивті операция жасалды

  • 234
  • UPD: 23:43, 16.06.2019

Шығысқазақстандық хирургтер жүрек ауруларын емдеудің тиімді әрі жылдам әдісін меңгерді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өскеменде науқасқа алғаш рет шағын инвазивті операция жасалды. Мұнда адамның кеуде клеткасы ашылмайды. Яғни сырқат тез аяққа тұрып, операцияны жеңіл көтереді.

Дәрігерлердің қызмет сапасын арттырудағы мұндай жетістіктері ескерусіз қалып жатқан жоқ. Кәсіби мерекелері қарсаңында бірсыпырасы баспаналы болды.

Алғаш рет жасалған шағын инвазивті операцияға өскемендік дәрігерлермен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиохирургиялық орталық мамандары атсалысты. Басты міндет – туа бітті жүрек ақауы бар 56 жастағы науқас әйелге жаңа тәсіл арқылы жаңа өмір сыйлау. Жалпы, ел астанасында мұндай хирургиялық әдіс 5 жылдан бері қолданылып келеді. Бүгінгі күні осындай 500-ден астам операция жасалған екен. Ендігі мақсат – медициналық озық үлгіні өңірлерге енгізу. Аталған операция өте күрделі. Алайда тиімділігі одан да асып түседі.

Мұрадым Мырзағалиев, Нұр-Сұлтан қаласы ұлтық ғылыми кардиохирургиялық орталығының бөлім меңгерушісі:

- Операция қабырға аралық тілік арқылы жүргізіледі. Кеуде клеткасы толық ашылмайды. Әдеттегіден ерекшелігі де сол. Тілік мөлшері де өте кішкене. Сондықтан ол тез қалпына келеді. Ал науқас операциядан соң апталап төсекке таңылмайды. Екі-үш күн ішінде аяққа тұрып, қатарға қосылады.

Енді өскемендік дәрігерлер игерген шағын инвазивті операция өңір тұрғындарына қолжетімді. Ал жүрек қан тамырлары ауруымен ауыратындар саны 300 мыңға жуықтайтын аймақ үшін бұл аса маңызды қадам. Медицина мамандарының мұндай жетістіктері ескерусіз қалмайды. Өлкеде аталған сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жағы да жаман емес.

Кәсіби мерекелерін орай 10 дәрігерге пәтер кілті табысталды. Күн-түн демей адам өмірін сақтау үшін талмай еңбек ететін жас мамандар үшін бұл ерекше демеу болғаны анық.

Аида Мейірманова, дәрігер педиатр:

- Пәтер орны ерекше үлкен көмек, жас отбасы болған соң, мысалы, менің екі балам бар, мен үшін үлкен құнды сыйлық.

Салтанатты жиында саладағы үздік қызметкерлер мен ұжымдар да марапатталды. Айта кету керек, облыс қазір  заманауи медициналық технологияны мықты игерген. Ауруханалар толықтай цифрлық жүйеге ауысуда. Өскеменде роботты хирургия және трансплантология орталығы ашылды. Инсульт орталықтары да кеңінен іске қосылған. Тек өткен жылы өңірде бұрын-соңды жасалмаған ең жоғары технологиялы 119 мыңнан астам операция мен диагностикалық процедуралар жүргізілген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Руслан Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы