389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс қаласынан 5700-ден аса снаряд табылды

  • 722
  • UPD: 23:33, 27.06.2019

Алдағы уақытта әскерилер оқ-дәрілерді залалсыздандырып, аймақтан шығарып тастайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осы жұмыстарды қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі саперлік бөлімшесінің 408 маманы атқарып жатыр.

Біз қазір жаралыс болған әскери бөлімге жақын маңда тұрмыз. Одан әрі жақындау әзірге мүмкін емес. Өйткені ол жерде әскери қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Енді бұл маң жарылысқа жақын болғандықтан, үйлердің барлығы дерлік бүлінген деуге болады. Шатырлары бүлінген, терезелері қираған.

Жарылыстың қатты болғаны сонша, шаһардағы үйлердің 80 пайызы зақымдалған. Сондықтан қазір қаланың келбетін келісті деп айта алмаймыз. Иә, ол күні баспана емес, бас қана уайым болғаны анық. 

Ақынбеков көшесі 34 үйдің қазіргі ахуалы мынадай. Үй иесінің айтуынш,а шатырдан кірген снаряд қабырғаларды тесіп өтіп, әрмен қарай жерге кіріп кеткен. Үй иесі мұндағы снарядтың қауіпті немесе қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін әскери адамдарға хабар берген. Олар алдағы уақытта келіп дәл осы жерді тексеретін болды.

Ғалымжан Әріповтың айтуынша, ол күнді еске алудың өзі қорқынышты. Өйткені көз алдында бала жылап, үйі қирап түскен.

Ғалымжан Әріпов, Арыс қаласының тұрғыны:

– Кәдімгі дүрс еткен қатты дауыс шықты ғой. Үй дірілдеді. Мен өзім жарылыс болған жерден 4 метр қашықтықта тұрдым, үйдің жанында, снаряд алдымнан кесіп өтті ғой.

Әскери қызметкерлер әр үйдің ауласына кіріп, тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың айтуынша, әлі де снарядтың қалдықтары кездесіп жатыр. Мәселен, мына үйге снаряд түскен. Содан кейін жарылып кеткен, артынан өртенген. Бұның ішіне кіруге болмайды. Әлі де қауіпті деп жатыр мамандар.

Жарылыстың салдарын жою үшін қазір еліміздің барлық өңірі жұмылды. Әр облыс көмек қолын созып, қаланы тазартуға үлес қосып жатыр.

Еркебұлан Дауылбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

– Қазір бұл жерде саперлер жұмыс жасап өткеннен кейін артынан тазалау жұмыстарына Жамбыл облысынан келген СЭС пен обаға қарсы стансаның қызметкерлері келді. Олар арнайы көлікпен кіріп кетті. Олар мал өлексесі болса, болмаса тұрмыстық заттар, тамақ қалдықтары қалған жерлердің бәрін залалсыздандырып шығады.

Одан кейін арнайы мамандар қираған үйлерді анықтап, көмектің мөлшерін есептейді. Сәйкесінше құрылыс жұмыстары басталады. Мұндағы мақсат біреу – қаланы бір айдың көлемінде қалпына келтіру. Оған мүмкіндік бар.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Әліби Жүніс

Хабар 24 телеарнасы