386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда маңындағы Қоянды су қоймасы 10 тоннадан астам қоқыстан тазартылды

  • 270
  • UPD: 23:23, 20.07.2019

Шығарылған қалдықтың 80 проценті пластик. Елімізде басталған  #Birge #TazaQazaqstan  хештегімен басталған экологиялық науқанына Елордамен қатар өзге өңірлерден де еріктілер келді.

Мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың, дипломатиялық корпус, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, студент жастар, мектеп оқушылары мен еріктілер атсалысты. 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- #TazaQazaqstan экологиялық науқанына мыңнан астам адам қатысты. Қоянды су қоймасы мен орман маңын қоқыстан тазартып, әркім өз үлесін қосты. Акциядан бізде қалыс қалмадық. Тек айналасын таза ұстау әркімнің өз ұятына айналса болғаны. 

Бұл науқан бұрынғыдан өзгерек. Олай дейтініміз мұнда Үкімет басшысы Асқар Маминнен бастап, бүкіл министрлер мен елорда басшысы да түгел жиналды. Олар креслоларын бір сәт күрек пен қапқа айырбастады. Қоянды су қоймасының жағалауын қоқыстан тазартуға қолғабыс жасады. Ал үкімет басшысы барлық облыс басшыларын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасын жалғастыруға шақырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімім мол. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін.   

Табиғат тазалығы денсаулық кепілі екенін мына балалар да жақсы біледі. «Жас ұлан» ұйымының еріктілері де #тазақазақстан шарасы үшін барын салды. Демалушылардың бей-берекет шашып кеткен қоқысын олар жарыса жүріп жинастырды.

Ақниет Қорғасбай, «Жас Ұлан» ұйымының еріктісі:

- Қоқыстардан тазалау, экологиялық ауаны тазарту біз үшін үлкен жеңіс деп танимын.

Сонымен қатар «Жас Ұлан» ұйымының 1 миллион 100 мың мүшесі игі бастаманы қолдап, өз үлестерін қосуға ниетті. Экологиялық жоба жасап, тиісті министрлікке ұсынбақшы.

Динара Сәдуақасова, «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы:

- Жаңа балаларға арналған экологиялық жоба жасаймыз. Соны білім министрлігіне ұсынамыз. Әрбір өңірде «жастар экологиялық патрулі» құрылатын болады.  

Қоршаған ортаны таза ұстау мәдениеті - тәрбиеден бастау алса дейді жиналғандар. Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен балабақшаларға «экологиялық сағат» өткізілмекші.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекетіміздегі барлық оқушылар мына акцияны қолдап, өз ауылдарында, аудандарында акция өткізетін болады. Олар қазір Қамбаш көліне барады Қызылордадағы, сол жерде бір апта лагерь өткізіп. Ол бойынша министрлік өкілдерімен бірлесіп, бағдарлама дайындайды.

Замира Қалымбетова, Талғар ауданы жастар орталығының жетекшісі /Алматы облысы/:

- Елордада бастау алған науқанды біз Алматы облысының жастары қолдаймыз.  Жер жәннаты Жетісуда 7 өзен бар. Біздің жастар осы табиғатты тазартуға үлес қоспақ. 

Еліміздің бас экологы Мағзұм Мырзағалиевта осында. Қоқыспен күресуге бел шеше кіріскені көрініп-ақ тұр. Айтуынша, Қазақстан бойынша 3 мың 500-ден астам қоқыс полигоны мен қатты тұрмыстық қалдық төгетін орындар бар. Оның тек 18 проценті ғана санитарлық талапқа сай келеді екен. Қоқыс үйінділерінің жиналып қалуына адамдардың экологиялық мәдениетінің таяздығы әсер етіп отыр, деп қынжылды.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Енді бүгін челендж жарияладық. Сондықтан тек осы көлмен ғана шектелмей енді бүкіл елде осындай сенбіліктер өтуі керек. Әр ауылда, ауданда өтуі тиіс. Әр қазақстандықты осы сенбілікке шақырамыз. 

Сенбілікке қатысушылар айналдырған бірнеше сағаттың ішінде бір ғана Қоянды су қоймасынан 10 тоннадан астам қоқыс жинап үлгерді. Қайта өңдеуге жарамдыларын бір бөлек жинастырды. Енді дәл осы қойманы жағалай, сорттап салатын қоқыс контейнері қойылатын болды.

Салтанат Рахимбекова, Жасыл экономиканы қолдау коалициясының төрайымы:

- Қазір миллиардтаған қаржы осы экологияны тазартуға кететі. Бірақ сол қаржы экологиялық шараларға жаратылып жатқан жоқ. Біздің мақсатымыз соны 100 пайызға жеткізу. Сонда ғана көп қадлаларда ауа райы таза болар еді. 

Қатысушылар да министирлік те экологиялық науқаннан көп нәрсе түйіп қайтты. Экологтар да, қоршаған ортаны таза ұстау - әркімнің міндеті екенін еске салды. Және акцияны жалғастыруды Қарағанды облысына жолдады. Табиғат тазалығы- денсаулық кепілі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы