386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абайдың ұрпақтары ұлы ақынның құрметіне насихат турын ұйымдастырады

  • 131
  • UPD: 18:07, 10.08.2019

Абай Құнанбаевтың ұрпақтары ақын аталарының 175 жылдығына орай Қазақстан бойынша насихаттық тур ұйымдастырмақ.

Олар осылайша сөзі алысқа, кеңесі талайға кеткен хәкім Абайдың шығармашылығын барынша насихаттауды көздейді. Қазір қазақтың бас ақынының туған жерінде тойға дайындық қызу жүріп жатыр.

Семейлік Балташ Ерсәлімов ұлы Абайдың жақын туысы болып келеді. Ол ширек ғасырға жуық уақыт бойы Абай қорын басқарды. Мамандығы журналист Балташ әр жылдары газетте жұмыс істеп, өлкентану музейі мен қазақ филармониясына басшылық етті. Ақсақал бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан. «Дегенмен, Қазақстан бойынша тур ұйымдастырып, ақын атамыздың шығармашылығын насихаттауға дайынмын» дейді ол. 

Балташ Ерсәлімов, Абайдың жиені:

- Абайдың енді өмірден көргені көп. Өзі өлеңінде айтады ғой «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп. Ол алысқанда ешкіммен әлгі бәс қойып, дес қойып, ренжіскен адам емес. Абай өзінің өлеңдерінде халқын білімге шақырған, сауаттылыққа шақырған, ынтымаққа шақырған, бірлікке шақырған. 

Ұлы ақынның жиеншары Ержан Ерсәлімов та бұл пікірді қызу қолдайды. Ол Абайдың өлеңдері мен қара сөздері ескірмейтініне һәм мәңгі жасайтынына бек сенімді. 

Ержан Ерсәлімов, Абайдың жиеншары:

- Қазіргі жаңашылдықтардың түп негізі көнеден бастау алады. Ол жазылмаған заңдылық іспетті. Мәселен, қазір еліміздегі беделді тұлғаларға дейін Абайдың шығармаларынан үзінді оқып, оны өзге әріптестеріне жолдап, эстафетаға айналдырып жіберді. Мен оны жастарға үлгі боларлық шара деп есептеймін. 

Бұл бастаманы еліміздегі өзге ұлт өкілдері де іліп әкетті. «Айша бибі» ұлттық мәдени орталығы Семейдегі «Достық үйінде» поэзия сағатын ұйымдастырып, оны өңірдегі өзге де этномәдени орталықтарға жолдады. 

Авторлары: Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы