389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне жыл басынан бері 327 адам шағымданған

  • 220
  • UPD: 14:34, 15.09.2019

Жергілікті биліктен қолдау таппаған Павлодар облысының тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Департаменті жанындағы «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне шағымдануда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері ауылдарды аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап жүрген мамандардың көмегімен 118 мәселе оң шешімін тапқан. Мысал ретінде айта кетсек, өкпе ауруына шалдыққан Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінің тұрғыны 9 жыл күткен баспанаға бір апта ішінде қол жеткізіпті.

Жасұлан Қабылбековтың пәтер кезегінде тұрғанына 9 жылдан асқан. Туберкулез дертіне шалдыққан мүгедек жанның айтуынша, жергілікті билік жағдайды жақсы білгенімен, көмек көрсетуге асықпаған.

Жасұлан Қабылбеков, Майқайың кентінің тұрғыны:

Аудан әкіміне дейін біледі. Мен ол кісінің қабылдауында бір емес бірнеше рет болдым. Алдындағы әкімдерде 4 рет болдым. Үйдің кезегінде болғаннан кейін. Былтыр беремін, алдыңғы жылы беремін деген. Кезекте 48-ші нөмірден 5-ші нөмірге келдік, одан қайтып артқа шегеріп тастап отырды.

Сонау 1954 жылы салынған үйдің іргесі сөгіліп, қабырғаларын зәй тартқан. Жасұлан Қабылбековтың жары Шолпан Кенжетаева отбасының жағдайын айтып, «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің қызметкерлеріне шағымданыпты.

Шолпан Кенжетаева, Майқайың кентінің тұрғыны:

- Осы Майқайыңға «Ертіс адалдық алаңы» жобасы бойынша лекторлар келіп кездесу өткізді. Сол кездесуде Қоқанов Шерхан Дәулетұлына мен өз сұрағым туралы сауалымды қойдым. Ол кісі хабарласып, екі күннен кейін маған жауабын берді. Сізге Баянауыл ауданынан үй берілетін болды деп телефон арқылы хабарлады.

Бүгінгі таңда Жасұлан Қабылбековтың отбасы екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Қарапайым халықтың мүддесіне келгенде бюрократиялық өктемдікке бой алдыратын жергілікті билікке көмек сұрап келушілер қатары артпаса кемімейді. «Біз тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері.

Шерхан Қоқанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі облыстық департаментінің бас маманы:

Бізге осы ауылдың тұрғыны арызданған болатын. Себебі баспана ала алмай жүр екен. Сондықтан сол сұрақты талқылап, осы жергілікті әкімшілікпен қосылып, бұл сұрақты шешуге тырыстық. Енді бір жұманың ішінде осы кісіге үй берілген болатын.

Жыл басынан бері «Ертіс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне 327 адам шағымданыпты. Оның ішінде 118 мәселе оң шешімін тапқан.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

Майқайың кентінде баспана мәселесі бітпейтін сияқты. Апатты деп танылған мына үйде тұрғындар әлі күнге дейін тұрып жатыр. «Амал не, басқа баратын жеріміз жоқ», - дейді олар.

Бұл үйдің іргесі 1957 жылы қаланған. Он екі пәтерлік екі қабатты үйдің өзге тұрғындары тоғыз жыл бұрын қауіпсіз жерге көшірілген екен. Ал, жұртта қалған үш отбасының өмірі үреймен өтіп жатыр.

Гауһар әденова, Майқайың кентінің тұрғыны:

Дәл осының астында мен тұрып жатырмын. Менің де төбем жарылды. Мынау гүрс етіп жарылып түскенде мен үйде отырғам. Төбем селк ете түсті де, қайта көтерілді, қашып шыға алмай қалдым ғой.

Апатты үйдің екінші қабатында 88 жастағы тыл еңбеккері Анида Халиулинаның пәтері орналасқан. Кейуананы қызы өз үйіне алып кетіпті. Тұрғындар «жан айқайымызды еститін құлақ, көретін көз жоқ» дейді.

Гауһар Әденова, Майқайың кентінің тұрғыны:

- Мына төбенің бәрі жарылып-жарылып, міне селкілдеп тұр. Жаңа ана төбені көрдіңіздер, ар жақ қисайып тұр, енді мынау кетеді. Үстінен жаңа біз жүргенде мынау селкілдеді. Жаңа өзіңіз айттыңыз, еден селкілдеп жатыр деп. Ана жақта едендерімнің бәрі шіріп жатыр. Оның бәрін айтқан жоқпын. Жалғыз-ақ міне, жалпы 12 пәтерлік үй осындай жағдайда болғаннан кейін айтып отырмын. Мен білмеймін енді. Ертең қайда барамыз? Не істейміз? Әділдік қайда деп ойлаймын мен.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір 80 адам баспана кезегінде тұр. Олардың арасында жетім балалар мен мүгедектер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылары бар. Бірақ бәрінің мәселесін шешіп беретіндей мүмкіндік жоқ.

Асхат Ахметов, Майқайың кенті әкімінің орынбасары:

- Бізде бүгінгі күні үйлердің әкімдікке қарасты үйлердің саны аз болғандықтан біз осылай кезек-кезекпен бөліп отырмыз. Әр топтан бір кісіден, екі кісіден. Үйдің босағанына байланысты.

Майқайың кенті өнеркәсіптік аймаққа жатады. Өндірістік кәсіпорындар мен «Майқайыңалтын» комбинаты орналасқан. Он мыңдай тұрғыны бар кентте тұрғын үй құрылысының қарқыны тым баяу. Тіпті жоқ деуге болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы