388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шамалғандағы апат: ҚТЖ не дейді?

  • 548
  • UPD: 12:45, 16.09.2019

«Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы өз сайтында орын алған оқиғаға қатысты хабарлама жариялады.

Онда «15 қыркүйек күні 19 сағат 08 минутта Алматы-Отырар темір жол бөлігінің Ақсеңгір - Шамалған өткелінде Алматы - Қостанай бағытындағы №43 жолаушылар пойызы Алматы-Қаскелең бағытында қатынайтын автобусқа соғылды. Автобус жүргізушісі жолдың жабылғанын ескерместен, көлік кептелісінен сытылып, өткелге тоқтады. Пойыз өткелге таяған кезде дыбыстық ескерту жасалып, бағдаршамда қызыл түс жанды. Шлагбуам көліктердің кедергі келтіруіне байланысты толық жабылмады. Өткел кезекшісі қалыптасқан жағдайды бағамдап, пойызды тоқтатудың амалын қарастырды. Машинист дереу тежегішті басады. Алайда тежеу жолының қысқалығына байланысты пойыз толық тоқтап үлгермеді. KZ4AC-0010 электровозы рельстен шыққан жоқ, алайда алған ақауына байланысты жолды жалғастыра алмады. Мәселені зерттеу үшін «ҚТЖ» АҚ арнайы комиссия құрды» деп жазылған.

Алматы облысының Шамалған станциясында болған апатқа байланысты жедел штаб құрылды.

Осы оқиғаға байланысты Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Қазір онда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы Шамалған станциясында болған апатқа байланысты көңіл айтты.

Еліміздің бас көлік прокуратурасы Алматы облысындағы Шамалған станциясында болған апатты тергеуді өз бақылауына алды

Шамалғандағы апат болған жерге жақын ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Ал ҚР ІІМ өкілдері пойыз бен автобус соқтығысқан жерде тәжірибелі тергеу тобы жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді.

Жалпы, бұл жерге тұрғындар бұрын көпір салып беруді сұраған екен. Қазіргі уақытта Ақсеңгір-Шамалған бағытындағы теміржол қатынасы қайта ашылды.

Айта кетейік, Алматы облысының Шамалған станциясында қатты жүріп келе жатқан пойыз өз жолында тұрған жолаушылар автобусына соқтығысып, салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты.

Хабар 24 телеарнасы