389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бәйтерек» холдингі баспана алудың тиімді жолдарын ұсынады

  • 171
  • UPD: 23:06, 25.09.2019

«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы «Бәйтерек» холдингі қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тың жобаның талабы бойынша тұрғын үйдің бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтау қалаларында 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Қалған өңірлерде 10 миллионның көлемінде.

Айта кетерлігі, бағдарлама Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жүзеге асып келеді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасының шарапатын көрген алғашқылардың бірі – Александр Колесников. Бүгінде жалғызбасты әке екі баланы бір өзі асырап отыр. Сондықтан ол «Бәйтерек» холдингі ұсынған жеңілдікті пайдалануды тиімді көрді. Несиені 2%-тік мөлшерлемемен 20 жылға дейін алуға болады. Бірақ пәтерді өзіңіз таңдайсыз.

Александр Колесников, қала тұрғыны:

- Менің балаларым өмірімнің мәні. Осы бағдарламаның арқасында балапандарымның келешегін қамтамасыз ете алдым. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметкері хабарласып, жағымды жаңалықпен бөліскенде, қуанышым қойныма сыймай, ерекше толқыдым.

«Бақытты отбасы» аз қамтылған, толық емес һәм мүгедек балалары бар жанұяларға бақыт сыйлап жатыр. Бүгінде бағдарлама Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асуда. Оның шарты бойынша бастапқы жарна – 10%. Әкімдіктердің тұрғын үй сертификаттарын да пайдалануға болады.

Тимур Жанке, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқарушы директоры:

- Егер пәтер 8 млн теңге тұратын болса, алғашқы төлем 800 мың теңге және несие мерзімі 19 жыл болса, отбасы алғашқы сегіз жыл ай сайын 42,1 мың теңге төлейді. Ал қалған 11 жыл 27,4 мың теңгеден төлейді.

Холдингтің енді бір еншілес ұйымы тұрғын үйді жеңілдетілген талаптар бойынша алу үшін мұғалімдер мен дәрігерлерге қолайлы жағдай жасады. Қазақстандық ипотекалық компания білім және ғылым, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрліктерімен келісімге тұрып, сатып алу құқығымен жалдамалы баспана ұсынып отыр. Оның да мерзімі – 20 жыл.

Тимур Жанке, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ басқарушы директоры:

- Қолдауды қажет ететін халықтың тағы бір санаты бар. Бұл мұғалімдер мен дәрігерлер. Бағдарламаның шарты жеңілдетілген. Мысалы, үйдің құны 9,6 млн теңге болса, ай сайынғы төлем 53 мың теңгені құрайды. Бұл коммуналдық қызметтерді қоспағанда.

Бұл қос бағдарламаға сұраныс көп.

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Дайыров

Хабар 24 телеарнасы