389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұрпақ тәрбиесі қателікті кешірмейді

  • 156
  • UPD: 09:02, 04.10.2019

Елімізде қажырлы еңбегімен биік шыңдарды бағындырып, қалың бұқараның құрметіне бөленіп жүрген ұлағатты ұстаздар аз емес.

Солардың бірі – Алматы облысының Алакөл ауданында тұратын Ұлжалғас Бурасанқызы. Мыңдаған шәкіртті түлетіп ұшырған аяулы ұстаз бірнеше жыл бұрын құрметті демалысқа шыққанымен, аудан, облыс көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Ал оның «Ақ отауға – Ақ бата» жобасы бүгінде бүкіл республикаға кеңінен тарала бастады.

Алматы облысының Алакөл ауданындағы Көлбай ауылында дүниеге келген Ұлжалғас Дүйсебаева №2 Қабанбай орта мектебінде ұзақ жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Жалпы еңбек өтілі – 45 жыл. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған аяулы ұстаз 1995 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2006 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ал 2014 жылы Алакөл ауданының «Құрметті азаматы» атанды. «Мен елімізде ұстаздардың жалақысын өсіріп, мұғалімнің мәртебесін арттыруға айрықша көңіл бөліне бастағанына қуаныштымын», - дейді ол.

Ұлжалғас Дүйсебаева, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Ұстаз ретінде қазақстандық ұстаздарды мерекемен құттықтаймын. Еңбектері еш кетпейді. Еңбек кез келген шыңға шығарады. Еңбектің жеткізбейтін мәртебесі жоқ. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне табыс тілеймін!

Ұлжалғас Бурасанқызы бұл күнде құрметті демалыста болғанымен, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде атсалысады. Ол кісі әзірлеген жобалар Жетісу өңірінде ғана емес, бүкіл республика көлемінде жүзеге аса бастады.  

Марат Сүлейменов, Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Облыстық аналар кеңесінің мүшесі ретінде жастар арасында өзінің тың жобаларын іске асырып, жастарды тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосып келеді. Атап айтсақ, «Ақ отауға - Ақ бата» жобасын ерекше айтып өтуге болады.

– Бұл – жастардың некесін ұлттық тұрғыда тіркеп, шаңырақтың шайқалуы мен ажырасудың алдын алуға арналған жоба. Ол өз кезегінде еліміздегі көптеген отбасының бұзылмауына септігін тигізді. Алакөлдік ұстаз екі рет Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауында болды.

Ұлжалғас Дүйсебаева, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Ол кісі бұл жобаны шын жүректен қабылдап, қолдап, тапсырма берді. Осы жобаны бүкіл Қазақстанға, облыс-облысқа таратып, қолдануымыз керектігін айтты. Мен осы жобаның бүкіл елге тигізген пайдасы үшін қуаныштымын.

Ұлжалғас Бурасанқызы жұбайы Әшімхан Дүйсебаев екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде солардан тараған 13 немересі, 1 шөбересі бар.

Ербол Дүйсебаев, ұлы:

– Біздің жанұяда ең бастысы – тәрбие, одан кейін білім. Ұрпағымызды тәрбиелеуді әке-шешемізден үйрендік. Сол кісілерге алғысымыз шексіз.

Дина Сүлейменқызы, келіні:

– Осы кісіге келін болғанымды мақтан тұтамын. Өйткені мұндай тәрбие алған да, алмаған да бар. Сондықтан мен бақыттымын.

«Өмір – күрес. Күрессіз өмір болмайды. Әр адам өз алдына мақсат қойып, жоспар құра білуі тиіс. Ол өзінің биігіне сол кезде ғана жетеді. Ал енді жас ұстаздарға айтарым – ұрпақ тәрбиесі қателікті кешірмейді. Сондықтан оған қатты көңіл бөле білуіміз керек», дейді 70 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған аяулы ұстаз.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы