412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан ауыл шаруашылығын онлайн несиелеуге көшеді

  • 557
  • UPD: 23:09, 07.11.2019

Еліміз ауыл шаруашылығын онлайн несиелеуге көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сөйтіп несиенің мақұлдану уақыты 30 күннен 30 минутқа дейін қысқарады. Бұл бастаманы «ҚазАгро» ұлттық басқарма холдингі қолға алған. Мамандар 2021 жылға дейін несиелеу процесін толықтай автоматтандыруға ниетті.

Мақсат Жұмахан жылқы басын көбейту үшін 4 млн теңге несие алмақшы. Қолдауды «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» іздеп келген. 7 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруа «Игілік» бағдарламасына қатыспақ. Ол алты процентпен берілетін несиені алу мүмкіндігін 6-ақ минутта онлайн-режимде тексеріп көрді.  

Мақсат Жұмахан, шаруа қожалығының басшысы:

– Бірден айтады. Содан әрі қарай сенімді түрде қаржы жинай береміз. Ал бұрын көп жүретін едік. Қағаз жинауға көп уақыт кететін.

Автоматты жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Әзірге елордада. «ҚазАгро» холдингіне жылына 80 мың адам несие алу бойынша өтінім береді. Алдымен онлайн жүйеде 4 млн теңге болатын несиелер рәсімделеді. Бұл үшін шаруаның қолында жеке куәлігі мен ЭЦҚ болуы керек. Есесіне аз уақытта несиенің мақұлданғаны не мақұлданбағаны жайлы ақпарат ала алады. 

Ербол Қарашөкеев, «Қазагро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы:

– Жүйенің дұрыс жұмыс істегеніне көзіміз жеткеннен кейін қордың әрбір филиалдарында Қазақстан бойынша берілетін болады.

Несиені мақұлдауды осы электронды жүйе шешеді. Яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тосқауыл қойылады. Биыл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жалпы сомасы 47 млрд теңге болатын 10 мың 500-ге жуық жобаны қаржыландырды. Жыл соңына дейін бұл сома 60 млрд теңгеге жетеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы