410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында он айда жол апатынан 61 адам мерт болған

  • 453
  • UPD: 13:06, 04.12.2019

Павлодар облысында соңғы он айда жол-көлік апатынан 61 адам көз жұмған. Осыдан бір күн бұрын тағы да  қайғылы жағдай тіркеліп, отбасы қара жамылды. Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен көліктің кесірінен ата-анасымен бірге 1,5 жастағы сәби көз жұмды. Айдың-күннің аманында үш бала жетім қалды. Біреуі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. 

- Қарлығаш жол-көлік оқиғаларының нақты себебі неде? Анықтау мүмкін болды ма?

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жол апатына себеп болатын жағдайлар өте көп. Бір оқиға екіншісіне ұқсамайды. Әдетте жылдамдықты шамадан тыс асыру, ауа райының қолайсыздығы, жолдардың жағдайы себеп болып жатады. Бұл жерде жүргізушілердің салғырттығын да айта кеткен жөн. Бір отбасы зардап шеккен кешегі оқиғаға келер болсақ, көлік иесі қалғып кеткен болуы керек деген болжам айтылып жатыр. Соның салдарынан көлік қарсы бекте шығып кеткен. Оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды. Жүргізушінің өзі де жолаушыларымен бірге зардап шеккен. Қазір ауруханада жатыр. Емделіп шыққаннан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жалпы, соңғы 10 айда облыс аумағында 600 ден аса жол-көлік апаты тіркелген. 854 адам зардап шегіп,  61 адам қайтыс болған. Өкініштісі, олардың арасында балалар да бар. Облыстық балалар ауруханасына биылғы жол апатынан зардап шеккен  294 бала түсіпті. Өткен жылы 232 оқиға тіркелген екен. Жарақат алғандар санының артқанын байқап отырған шығарсыздар. 

Жалпы жолдардың сапасына шағым жоқ. Павлодар облысы бойынша республикалық маңызы бар автобан өтеді. Соңғы жылдары барлық бағыттағы жолдар жөндеуден өтіп жатыр. Алайда қауіпсіздік шараларын естен шығармаған абзал дейді мамандар. Кейде бос жүрген малдар да жол апатына себеп болып жатады. Осыдан бір ай бұрын дәл осы тасжолдың бойында 32 жастағы көлік жүргізушісі жылқыларды қағып кеткен болатын. Өкінішке қарай алған жарақатынан ер адам қайтыс болды. Ал көлік ішінде болған жұбайы мен үш кішкентай баласы әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Қыс мезгілі. Көктайғақ, боранды күндер алда. Сақтықта қорлық жоқ.

Хабар 24 телеарнасы