448,01 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда «Нұрлы жол» бағдарламасымен 80 отбасы баспаналы болды

  • 283
  • UPD: 23:00, 20.01.2020

Таразда 80 отбасы баспаналы болды. Көп пәтерлі тұрғын үйдің табалдырығын бірінші болып ұзақ жылдан бері кезекте тұрған отбасылар аттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт қоныс тойын тойлап, шашу шашылды. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлер 15-ықшамауданнан берілді.

Жаңа қоныс иесі Индира Бекежанова 9 жыл бұрын кезекке тұрған. Бұған дейін бала-шағасымен көшіп-қонып, жалдамалы пәтерлерді жағалап келіпті. Қиындыққа мойымай, байсалдылықпен күтіп, үш бөлмелі баспанаға қол жеткізді. Енді көп балалы ана 6 баласымен ертерек көшіп келудің қамын жасамақ.

Индира Бекежанова, қала тұрғыны:

- Тұрғын үйден звондаған кезде қуанғанымыз соншалық, балаларымыз қуанып, секіріп кетті. Қуаныштарына шек жоқ. Әбден жеттік. Осы үйде тек қана қуаныш, той болсын деймін!

Қазір Тараз қаласында пәтер кезегінде тұрған 18 мыңнан астам адам бар. Баспана мәселесін шешу бағытында «Нұрлы жер» бағдарламасы тиімділігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік жоба аясында биыл тағы 20 тұрғын үй салу жоспарда. Оның 10-ы несие арқылы берілетін үйлер болса, қалғандары кезектегілерге беріледі.

Айтқазы Қарабалаев, қала әкімі:

Алғашқысын беріп жатырмыз. 80 пәтер. Келесі аптада осы айдың соңына дейін бір айдың көлемінде тағы да 3 үй беріледі. Дайын тұрған үйлер. Бұлардың барлығының жарықпен, сумен, жылумен барлығы қамтамасыз етілген. 

Жалпы дәл осы жаңа ықшам ауданда 280 көп қабатты және мыңға тарта жеке тұрғын үй салынады. Барлық үйлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы беріліп, кезекте тұрған тараздықтарға үлестіріледі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы