429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қордай ауданында құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеуде

  • 798
  • UPD: 20:51, 12.02.2020

Қордайда жағдай тұрақталды. Бірақ әлі де төтенше жағдай сақталады. Құқық қорғау органдары баяғыша күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 

Қазір әлеуметтік нысандар мен сауда орындары жұмыс істеп тұр. Жұрт үйіне оралып, тіршілік қамына кіріскен.

Масанчи, Ауқатты, Сортөбе ауылдарындағы білім беру мекемелері жұмыс істеп тұр. Мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері күнделікті жұмыста.  Бұл елді мекендердегі 9 білім ошағы мен 7 балабақшада 12 мыңға жуық бала оқып, тәрбие алуы тиіс. Бірақ әзірге оқушылар саны толық емес.

Бейқұт Жаманкөзов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:

- Мектептердегі жасалынып жатқан жұмыстар және мұғалімдер тарапынан, ата-аналар тарапынан үгіт-насихатарын жүргізіп, Қырғызстанға өтіп кеткен ата-аналарға хабарласып. Кеше өзі де легі басталған Қырғыз елінен кіріп жатқан. Кешегіге қарағанда балалардың саны 500-ден асты қосылған балалар саны. Қазір  3 мыңға жуық балалар, оқушылар қазір оқып жатыр. Сонымен қатар коммерциялық дүкендердің барлығын аралап көрдік. Азық-түліктің барлығы жеткілікті. Тұрақты түрде жұмыстарын атқарып жатыр.

Тағы бір мәселе біраз тұрғынның жанжал кезінде құжаттары жоғалған. Қазір оларға ыңғайлы болу үшін жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнге дейін 400-ден астам адамның құжаттары қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ эпидемиолог мамандар да жұмыс істеп жатыр. Шекарадан ел аумағына өткен адамдар жіті тексерілуде. Қордай ауданында 4 арнайы бекет қойылып, оған мониторингтік топ жұмылдырылған. 

Күмісбек Рахимов, эпидемиолог:

- Қордай ауданы бойынша 40 мыңнан астам адам өткен екен. Соның ішінде температурасы бар, қызуы бар адамдар тіркелген жоқ. Егерде қызуы тіркелген жағдай болатын болса, оларды тез арада оқшаулап өздерінің алгоритмі бойынша әл құзырлы мекеме қызметін атқарады. Көктем шыққанша эпидемиологиялық кезең болады. Ал егерде күн жылып кеткен жағдай болатын болса бұл тоқтайды.  

Қазір оқиға болған ауылдардың ішін күл-қоқыстан тазарту жұмыстарына күш салынып жатыр. Әрбір бүлінген нысанға акт түзіп, құрылыс жұмыстарын бастау үшін сметасы есептелуде. Дәл қазіргі уақытқа дейін өртеніп, қираған  88 нысан мен 47 автокөлік тіркеліп отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жаппай бейберекетсіздікке жол беріп, ойран салғандар жазаланады. Қазір қайғылы оқиғаға байланысты 25 қылмыстық іс тіркелген.  Жаппай тәртіпсіздік, кісі өлтіру, бұзақылық, билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, заңсыз қару жасау сияқты деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Бас Прокуратурамен құрылған ведомствааралық жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті жерде жағдай тұрақты. Кеше 6 ауылдың ақсақалдары бас қосып, бір мәмілеге келді.  

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы