424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирустан көз жұмған адамды жерлеуге қатысты қаулы шығады

  • 1977
  • UPD: 18:07, 27.03.2020

Бүгін түнгі он екіден бастап далаға шығуға шектеу қойылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция тексерісті күшейтеді. Бейсауат көшеде жүргендерге алдымен ескерту жасалады. Ескертуді елемегендерге 26 жарым мың теңге көлемінде айыппұл салынады яки азаматтар 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Тіпті билік өкілінің заңды талабын орындамағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы кәдік. Ақпарат және қоғамдық даму министрі брифингте бірқатар ереже-талапты айтты.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Көшеде полиция тоқтатады. Жұмысқа шақырғанды растау үшін тікелей басшының немесе кадр бөлімінің телефон нөмірі болуы керек.

Қысылтаяң кезде адамдар үйден тамақ, дәрі алуға, ауруханаға баруға ғана шыға алады. Одан соң үйдің қасында ит, мысықты серуендетуге рұқсат. Бірақ ауладан ұзауға болмайды. Қоғамдық көліктердің жүру уақыты да шектелуі ықтимал. Ал коронавирустан қайтқан адам қалай жерленеді? Бұған қатысты арнайы қаулы шықпақ.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Бүгін кешке немесе ертең таңда коронавирустан адам қайтыс болуына байланысты бас синитардың ресми қаулысы шығады. Ол жерде қатаң ережелер көрсетіледі. Бүгінде ҚМДБ, шіркеу тиісті пәтуа әзірледі.

Хабар 24 телеарнасы