413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Біз біргеміз» жобасына кәсіпкерлер мен әжелер өз үлесін қосты

  • 129
  • UPD: 14:26, 10.04.2020

Алматы облысында «Біз біргеміз» қайырымдылық жобасына кәсіпкерлер ғана емес, ақ жаулықты әжелер де атсалысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көксу ауданы Мұсабек ауылындағы әжелер медициналық бетперде тігіп, тегін таратып жатыр.

«Туған жер» әнін шырқаған әжелер еліне деген сүйіспеншілігін сөзімен де, ісімен де дәлелдеуге кіріскен. Күллі әлемге тараған індеттен ауылдастарын сақтандыру үшін бетперде тігуді қолға алды. Саусақ бірігіп ине іліккен соң жұмыстары да жандана түсіпті. Үш күн ішінде ісмер апалар 200 дана медициналық бетперде дайындады.

Күлмән Молдаева, Мұсабек ауылының тұрғыны:

– Бұл енді заман талабы. Сондықтан біреу сатып ала алады, біреу сатып ала алмайды. Зейнеткер болғандықтан, үйде қарап отырмай, халық үшін көмек көрсетейік, аналық шын ниетімізбен көмектесейік деген мақсатта тігіп, елге шетінен үлестіріп жатырмыз.

Қайырымдылық шарасына жеке тұлғалармен бірге кәсіпкерлер де өз үлесін қосып келеді. Сүт өнімдерін шығаратын серіктестік жетекшісі Талдықорған қаласы мен Көксу ауданындағы 100 отбасына ұн мен май таратты. Көмек алғандардың қатарында алтын алқа иегері Гүлмира Хамзанова да бар.

Гүлмира Хамзанова, алтын алқа иегері:

– Мемлекеттің көмегін сезініп отырмыз. Үй берді. Мектепте балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр.

Тұрмысы төмен отбасыларына жәрдемдесу үшін «Біргеміз» республикалық қорынан Талдықорған қаласының өзіне 168 млн теңге бөлінген. Одан бөлек, облыста «Біргеміз Жетісу» деп аталатын қор жұмыс істеп тұр. Жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен оған 150 млн теңгеден аса қаржы жиналып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы