431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында жайылым жер жеткіліксіз

  • 383
  • UPD: 23:05, 21.05.2020

Ақтөбелік шаруалар жайылым таппай, зар болып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер мәселесі мал басын көбейтіп, етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды түлік ұстауға да кедергі болып тұр. Аталған жағдайға байланысты 40-қа жуық қожалық иесі ауыл шаруашылығы өкілдерінің қоғамдық бірлестігіне арызданды.

Арсылан Сүгірбаев сүтті ірі-қара өсіреді. Күніне 700 литрге дейін өнім алады. Биыл қосымша 350 бас асыл тұқымды жануарды несиеге рәсімдеуді көздеген. Бірақ олардың барлығын қораға қамап ұстауға мәжбүр болуы мүмкін. Себебі жақын маңда жануарлардың еркін көсіліп жүрер жайылымы жоқ.

Арсылан Сүгірбаев, шаруа қожалығы иесі:

– Бұл жерде етті тұқымды сиырларды да ұстауға болар еді. Бірақ жайылымның тапшылығы мен шабындықтардың жоқтығы кедергі. Біздің селолық округке қарасты жер таусылып қалды деп айта алмаймын. Біздің қасымызда 20 жылға жуық мал бақпаған 6-7 шаруа қожалығы бар. Соларға тиесілі жер телімдері пайдаланылмай бос жатыр.

Ақтөбе облысының жалпы аумағы 30 миллион гектар. Оның қазір 10 миллионнан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілген. Мемлекеттік қорда қосымша 13 миллион гектар бар. Биылдың өзінде 457 мың гектары шаруа қожалықтарына табысталған. Облыстық әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл процесс ашық өткізіледі. Және кез келген Қазақстан азаматының қатысуына мүмкіндік жасалған.

Бектұрған Зайрымбетов,  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері 2018 жылдан бері қарай конкурстық негізде беріледі. Олардың тиімді және ұтымды пайдаланылуына  мониторинг жасалып отырады. Ол комиссияның құрамына мына мемлекеттік емес органдар да кірген және ауылдық округтардағы  өзін-өзі басқару орган өкілдері де бар.

Биыл арнайы комиссия мақсатты пайдаланылмай отырған 247 мың гектар жерді мемлекет еншісіне қайтарған. Тағы 100-ге жуық шаруашылықтың телімдері назарда. Оларға қатысты шешім келер жылы қабылданады. Алайда қожалық иелерінің бұл дерекке көңілі толмай отыр. Олардың айтуынша, жұмыс тобының әрекеті баяу және көп жағдайда кеңсешілдікке саяды. Сондықтан шаруалар мәселені шешудің жаңа жолын ұсынуда. 

Александр Мандрыкин, қоғамдық бірлестік жетекшісі :

– Біздің ойымызша, бұл мәселе жергілікті атқарушы билік пен шаруа қожалықтарының жиынында шешілуі керек. Егер жер телімдері мақсатты пайдаланылмай отырған болса, ауылдық округ әкімі жалға алған азаматты ескертіп, аудан басшылығына тиісті хат жолдауы тиіс. Содан кейін жалға бері келісімшартын біржақты бұзып, қайтадан ашық байқауға салынуы тиіс.

Шаруалардың тағы бір талабы, арнайы комиссия құрамына агроөндірістік кешен өкілдерінен құралған қоғамдық бірлестік мүшелері де енуі тиіс. Сонда ғана жер дауының шешімі әділ болатындығына сенімді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы