412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысының Қызылқоға ауданында мал суару мәселеге айналды

  • 309
  • UPD: 20:43, 02.06.2020

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында да су тапшы. Бұл малға да, жанға да жайсыз тиетіні анық. Оның үстіне биылғы жаз ыстық болатын түрі бар. Мамыр айының ортасынан бастап термометр бағаны 35 градустан түспей тұр.

Соңғы екі жылда Ойылға өрден су келмей, өзен тартылып барады. Соның салдарынан төңіректегі ауыл-аймақ малын суара алмай қиналды. Амалы құрыған шаруалар мал басын шағындап, барын сақтап қалуға тырысып жатыр.

Біз болған «Жаңақұдық» қыстағындағы екі құдық кезінде  үш отар қойды қандырған шыңырау болатын. Қазір 150 жылқыға жетпей қалған. Соңғы жылдары жерасты суы да қашып, су көзі тереңдеп кетіпті. Шаруашылық иесі Мұрат Сармановтың бүгінгі басты мәселесі малға су тауып беру болып отыр. 

Мұрат Сарманов, шаруашылық жетекшісі:

- Қазір осы көріп отырған құдықтарымыз 16 метр тереңдіктен шығады. Бұрын 7 текше метр су беретін құдықтар еді ғой. Қазір сарқыла келе 3 текше метр зорға шығып тұр. малдың өсімі де осы суға тіреліп тұр. Былтырдың өзінде 120 бас сиырымды сатып жібердім. Жақсы өсіп келе жатқан мал еді. Су жоқ, амалсыздан саттық. 

Бұл Қызылқоға ауданындағы барлық шаруашылықтарға ортақ проблемаға айналып барады. Бұрын малдың көбі өзек жағалап өңірдегі жалғыз өзен Ойылды сағалайтын. Бірақ биыл оның да арнасы төмен болып отыр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Аудандағы 26 елді мекен мен 300-ге жуық шаруашылықты негізгі малы мен егініне апйдаланылатын су көзі осы Ералы су қоймасынан алынады. Алайда соңғы он жылда оның көлемі өте төмендеп кеткен. Бүгінде негізгі жиналуы тиіс 21 млн текше метр судың 30 проценті ғана бар.

Ойыл өзені «Ералы» су қоймасы арқылы 3 тарапқа бөлінеді. Бір тарабы негізгі арнамен жолындағы елдімекендерді суарса, қалғандары қолдан қазылған канал арқылы шабындықтар мен жайылымдарға шығады. Бұрын мамыр айында қойма толып, ағыл-тегіл береке орнайтын. Енді міне өр суы жетпеген өзен өлімсіреп зорға ағуда.

Сайлаубек Темірғалиев, «Казсушар» РМК Қызылқоға учаскесінің басшысы:

- Бұрын су тасыған кезде 3,20 метр болатын биіктігі. Енді қаншама қақпақтарды жауып бітеп жатқанымен мына Жарыпшыққанынң бойымен 80 см ғана болып отыр. Қазір енді бар мүмкіндігіміз келгенінше Жарыпшыққан бойымен Тайсойған бағытыа жіберіп жатырмыз.  

Қызылқоғаны тарықтырған қуаңшылық жалпы ауылшаруашылығынының дамуын кері тартып келеді. Бүгінде ауданда мал басы мыңдап көбейіп келеді. Жері шұрайлы өңірдің кенезесін кептіріп тұрған су тапшылығы. Осыған орай жергілікті билік маман гидрологтардың көмегімен  кешенді жоба жасақтау үстінде. Олар жер асты су көздерін іздеу үшін 30-70 метр тереңдікке бұрғы салып көрмек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы