412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордай ауданындағы бес ауылды газдандыру жұмыстары басталды

  • 161
  • UPD: 12:04, 05.06.2020

Жамбыл облысының Қордай ауданында 5 ауылды газдандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Қаракемер, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе және Масаншы елдімекендеріне газ жеткізіледі. Жоба жартылай бюджет, жартылай «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Қазір сала мамандары «Қордай» автоматты газ тарату станциясын қайта жабдықтауға кірісіп кетті.

«Қордай» автоматтандырылған газ реттегіш стансасынан 5 ауылға дейін ұзындығы 73 шақырым жоғары қысымды газ құбыры тартылады. Оның 42 шақырымы «ҚазТрансГаз» АҚ инвестициялық бағдарламасы есебінен салынады. Қазір жобаның алғашқы кезеңі басталып, жұмыс қарқын алды.

Сәкен Исмайлов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның ЖӨФ директоры:

- Газ құбырының тартылатын орнын, нүктесін анықтау жұмыстары жобаларын қарастыру жұмыстары. Жер мәселелерін қарастыру жұмыстары. Мердігер мекемелер апарып, техникаларын орналастырды. Өздерінің жұмысшыларын орналастырды. Осы жұмыстардың барлығы кешеден бастап басталды.

Жоба жүзеге асқан уақытта 5300-дей тұрғын үй, 50 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етіледі. 274 әлеуметтік сала мен кәсіпкерлік нысандарын да қосуға мүмкіндік туады. Жобада жоғары қысымды газ құбырын жол-жөнекей бірнеше  елді-мекен маңымен жүргізу қарастырылып отыр.

Сәкен Исмайлов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның ЖӨФ директоры:

- Бес елді мекенмен қатар тағы да алдағы уақытта сол төңірекке жақын орналасқан тағы 12 елді мекенді газдандыру жобасы қарастырылған.

Мердігер компаниялар жұмысты биыл қыркүйек айына дейін бітіреміз деп отыр. Қазір «Қордай» автоматты газ тарату стансасын қайта жабдықтау жұмыстары басталды. Бұл станцияның өткізу қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы