428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жұмыспен қамту жол картасы: Баянауылда жеңілдетілген несие алған 27 адам жеке кәсіп ашты

  • 241
  • UPD: 10:06, 29.07.2020

Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алған 27 адам жеке кәсіп ашқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген көпбалалы аналардың бірі дүкен ашса, ата жұртқа оралған ағайындар ұлтымыздың қолөнерін дамытуға үлес қосып отыр.

Ағасыл Мазкенұлы ата жұртқа 4 жыл бұрын қоныс аударыпты. Қытайда мал шаруашылығымен айналысқан. Қырық жылдай ат мініп, құс баптаған ол ұл-қыздарын жастайынан кәсіпке баулыған.

Қазыналы қарияның ұлдары мал бақса, келіндері тігін  цехын ашыпты. Тұрдыгүл Бөкейдің  қолынан шыққан бұйымдар көздің жауын алады.  Қытай  қазақтары қыздарына кесте тігуді ерте бастан үйретеді екен.  Ол жақта  қолына ине мен біз ұстамайтын қыз жоқ дейді ол. Қазір сол қолөнердің жемісін  көріп отыр.  Кәсіп ашу үшін мемлекеттің көмегіне жүгінген.

Тұрдыгүл Бөкей, кәсіпкер:

– Сол гранттың арқасында қолымыздан келген кәсібімізді халыққа көрсетіп, кәсібімізді дамытып жатырмыз. Енді әлі де әрі қарай Үкіметтен көмек болса, оны дамытып, жұмыссыз адамдарға жұмыс тауып беруді, кесте, оюларды үйретіп, үйде жатқан қыз-келіншектерді жұмысқа тартуға ұсынысым бар.

Тұрдыгүлдің болашаққа жоспары көп. Келешекте қолөнер мектебін ашпақ. Ою-өрнекпен көмкерілген дүниелерге қызығушылық қашанда жоғары. Баянауылдың Ақсаң ауылына ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша оңтүстіктен 8 отбасы қоныс аударыпты. Ал аудан орталығында тұратын Ақмарал Боқанованың кәсіп бастағанына көп болмапты. Соған қарамастан тауар таситын көлік алып, дүкен ашыпты. Ең бастысы атаулы әлеуметтік көмектен арылған.

Ақмарал Боқанова, кәсіпкер:

– Бұрын атаулы әлеуметтік көмек алатынбыз, оның түгелінен шықтым. Қазір осы өзіміздің кәсібімізді бастағаннан бері атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Осы жұмыспен қамту орталығынан 4 проценттік кредит алдық, көп балалыларға жеңілдігі бар екен. Сонымен жүк тасу көлігі соны алып, қазіргі таңда жолдасымды жұмыспен қамтып отырмын.

Ауданда іскер әйелдер бірлестігіне жетекшілік ететін Гүлмира Олжатай қайырымдылық шараларына белсене атсалысады. Отбасылық бизнестің тұтқасын ұстап отырған нәзік жан соңғы кезде аудандағы провизорлық орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатқан.  

Гүлмира Олжатай, Баянауыл аудандық іскер әйелдер бірлестігінің жетекшісі:

– Біздің отбасымыз провизорлық орталыққа көмектесті. Азық-түлікпен қатар қаладан оттегі баллондарын тасимыз. Біз волонтерлер қызметін құрып, пандемия кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға көмек көрсетумен айналысып жатырмыз.

Баянауыл ауданының тұрғындары көп жағдайда мал шаруашылығын дамыту мақсатында несие алады. Соңғы кезде қызмет көрсету саласына басымдық беріле бастады.

Азат Қалиев, жұмыспен қамту орталығының директоры:

– 27 адам несие алды, 103,6 миллион теңгеге және 57 адам 30 миллион 400 мың теңгеге грант алды. Несиенің мөлшері 6 миллион теңгеге дейін. Ал гранттың мөлшері 200 айлық есептік көрсеткішке дейін. 555 мың теңге. Бұл бастаймын деген кәсіпкерлерге. Бұл Үкіметтің тиімді қолдауы.

Баянауыл ауданында түрлі бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиеге 84 адам қол жеткізді. Жалпы сомасы – 134 миллион теңге. Кәсіп ашуды мақсат еткен тағы 50 адамнан өтініш түскен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы