429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екібастұздықтар жертөледен шығатын жаман иіске шағымданып отыр

  • 332
  • UPD: 09:45, 18.09.2020

Екібастұз қаласындағы үш бірдей бес қабатты үйдің тұрғындары жертөледен шығатын жаман иіске шағымданып отыр.

Жаңа үйлерге мердігерлердің кепілдік қызмет көрсету мерзімі әлі аяқталмаған. Жергілікті билік мәселені шешіп береміз деп уәде беріпті. Бірақ іс ілгері баспай тұр

Қызыл кірпіштен салынған бес қабатты бұл үйлердің қолданысқа берілгеніне үш-ақ жыл. Жаңа баспана тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына берілген. Бірақ қуаныш ұзаққа бармапты.   

Күләш  Жанпейісова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Жертөледен жаман иіс шығады. Балаларым бірінші қабатта тұрады. Канализацияның иісі шығып тамақ ішуге мүмкіндік жоқ. Бала тұншығып, жиі ауырады. істеп береміз деп уәде берген. Әлі істемей жатыр.

Құрғақ уәдеден шаршаған тұрғындар қайда барып, кімге шағымданатындарын білмейді. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс үйдің жоғарғы қабаттарына дейін көтеріледі. 

Толқынай Сейсембаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:

– Мен төртінші қабатта тұрамын. Таңертеңгі уақытта жертөледен мүңкіген күлімсі иіс келеді. Үйдегі дәретхананың ішінен де кәріз құдығының жаман иісі шығып тұр.

Жаман иістің қайдан шығатыны белгілі болды. Жаңа үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Оның орнына жеке септик құдығы салыныпты. Бірақ кәріз ағындыларының ауқымы үлкен. Оған канализациялық сорғы станциясының шамасы жетпейді. Сол себепті лас су жертөлеге жайылады.

Елена Ермакова, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

– Осы кәріздік сорғы станциясын орнатқан мердігер ұйым бүгінгі күнге дейін ешбір шара қолданбады. Автоматты түрде басқарылатын станция жұмыс істемейді. Мен қандай да бір шешімге қол жеткізе алмадым.

Пәтер иелері кооперативінің төрағасы күн сайын сорғыларды қолмен іске қосуға мәжбүр. Жергілікті билік мәселе шешімін табатынын айтып, уәде берген. Әзірге ол сөз жүзінде қалып отыр. Олар тек үйдің сараптамадан өткен жоба бойынша салынғанын алға тартады. 

Фархат Әмірханов, Екібастұз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің жетекшісі:

– Біз бұл мәселені құрылысты салған мердігер ұйыммен бірлесіп шешеміз. Кепілдік міндеттемелер шеңберінде олқылық жуық арада жойылады. Түйткілді біржолата шешу үшін құрылыс бөлімінің күшімен желіні басқа жүйеге қосамыз.

Билік өкілдері туындаған жағдайды мердігер ұйыммен бірлесе шешпек. Ал олардың кепілдік қызмет көрсету мерзімі қазан айында аяқталады. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы