Алматы облысының Шонжы ауылында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешені бітпей жатып, қирап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұйғыр ауданындағы нысанның құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында басталған екен. Жоспар бойынша спорт кешені 2021 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілуі тиіс еді. «Лидер НК» мердігер компаниясы салып жатқан нысанның жалпы құны – 1 млрд 171 млн теңге. Бірақ бюджет ақшасына бой көтеруі тиіс ғимараттың бітпей жатып, шатыры құлады. «Оның себеп-салдары әлі белгісіз», – дейді құзыретті орган өкілдері. Осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмастары жүргізіліп жатыр.
Еркебұлан Усманбаев, облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
– Кеше шамамен күндізгі 12:00-де дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде үшінші блоктың төбесі, шатыры құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссияның қорытындысына сәйкес не себептен бұлай болғандығы қосымша айтылатын болады.