432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тазалық» жобасын қолға алды

  • 226
  • UPD: 15:01, 28.09.2020

Атырау мұнай өңдеу зауыты «ҚазМұнайГаз» АҚ бірлесіп, бірқатар экожобаны қолға алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зауытта тазарту құрылғыларын жаңартумен қатар булану алаңдарын рекультивациялау да жолға қойылды. Сонымен қатар зауыттан жылына 10 мың тонна оттегі шығарылады.

Қала іргесіндегі «Сасық сай» булану алқаптарына судың 70%-і қалалық ағындардан, ал 30%-і Атырау мұнай өңдеу зауытынан келеді. Өзінен келетін ағынды суды барынша тазарту мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тазалық» жобасын қолға алған.

Әділбек Иманғалиев, «АМӨЗ» ЖШС «Tazalyq» жобасының технологы:

- Қазіргі уақытта тазарту құрылғыларын қайта жаңарту бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін зауыттан булану алаңдарына төгілетін лас су көлемі 50%-ке қысқарады. Ал, Жайық өзенінен алынатын су мөлшері 30%-ке азаяды. Жобаны 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр.

Зауытты ауқымды жаңарту кезеңінде салынған азот қондырғысы арқылы да ауа сапасы жақсартылуда. Бұл қондырғымен атмосферадан алынған ауа екіге бөлінеді. Яғни, техникалық азот және оттегі. Зауыт азотты өндірістік мақсатқа пайдаланса, оттегі атмосфераға шығарылады. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы азот қондырғысы 80 мыңнан астам ағашы бар орманға тең оттегі мөлшерін шығарады.

Наиль Хакимов, «АМӨЗ» ЖШС техникалық бөлімі бастығының орынбасары:

- Атырау мұнай өңдеу зауытынан шығатын оттегі көлемі 10 мың тоннаны құрайды. Оның тазалық дәрежесі шамамен 100%-ке жетеді. Аймақтағы ауа сапасының жақсаруына оның әсері мол.

Бұған қоса, Атырау мұнай өңдеу зауыты сағат сайын онлайн режимінде санитарлық-қорғау аймағындағы ауа сапасы туралы деректерді «Қазгидрометке» және қаланың электрондық таблоларына жіберіп отырады. Сол арқылы қаланың әрбір тұрғыны зауыт аумағындағы атмосфералық ауаны сипаттайтын экологиялық көрсеткіштерді көре алады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы