425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда мүгедек жандарды жұмысқа алу едәуір азайған

  • 152
  • UPD: 10:25, 27.10.2020

Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік квота бойынша тұрақты жұмысқа алу көрсеткіші азайып барады. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары осылай дейді. Мүгедек жандардың тұрақты жұмысқа орналасуы өткен жылмен салыстырғанда екі есе азайған. Негізгі себебі: компаниялар мұндай азаматтарды жұмысқа шақыруға ынталы емес болып шықты.

Алматы қаласы әкімдігі тарапынан 2017 жылы «мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» Қаулы шыққан болатын.  Қаулыға сәйкес, егер де ұжымда 50-ден 100-ге дейін  адам жұмыс жасайтын болса, ол орынның  кемінде 2 пайызы, ал егер де ұйымда 100-ден 250-ге дейін жұмысшы тіркелсе, оның 3 пайызы мүгедек жандарға тиесілі болуы керек. Алайда 3 жылдық тәжірибе көрсеткендей, жұмыс берушілердің көбі бұл талапқа мойынсынбауда.  

Динара Бейсенова, Алматы қаласы «Халықты жұмыспен қамту орталығы» тұрақты жұмыспен қамту бөлімінің маманы:

- Өкінішке орай, бұл қаулыға қаламыздағы көптеген мекемелер аса мән бермейді. Яғни өздерінде бар жұмыс орындары туралы ақпаратты бізге толық көрсетпейді. Мәселен, қаламызда 3000 кәсіпорын бар. Соның 390-ы ғана дұрыс мәлімет жібереді. 

Орталық мамандарының айтуынша, мүгедектер үшін жұмыс орындарының белгіленген квотасын орындамау, компаниядағы жұмыс орындары туралы толық мәліметті көрсетпеу заң бұзушылық болып табылады.  Алдымен жұмыс беруші ескерту алуы мүмкін. Ал заң бұзушылық қайталанса, 5-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді.

Динара Бейсенова, Алматы қаласы «Халықты жұмыспен қамту орталығы»  тұрақты жұмыспен қамту бөлімінің маманы:

- Жыл басынан бері екі мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам біздің орталыққа жұмыс іздеп келді. Оның 1400-ден астамы жұмысқа орналасқанымен тұрақты жұмысқа тек 260-адам қабылданды. Ал қалғандары уақытша жұмыспен, яғни жастар тәжірбиесімен, қоғамдық жұмыстармен қамтылды. 

Ал өткен жылдың 10 айында 1728  мүгедек жұмыс іздеп, оның 500-ге жуығы тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыс берушілер белсенділік танытып, тиесілі квоталарын бөлмесе, мүмкіндігі шектеулі жандардың  жұмыспен қамтылуы өзекті мәселе болып қала береді.

Авторлар: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы