422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Балаларда кездесетін бауырдың қатерлі ісігі емделеді – алматылық дәрігерлер

  • 265
  • UPD: 23:23, 27.10.2020

Балаларда кездесетін бауырдың қатерлі ісігін операция арқылы алып тастап, нәресте өмірін сақтап қалуға болады.

Ең бастысы, дертті уақытында анықтау керек. Алматыдағы педиатрия және хирургия орталығында дәрігерлер 30 операция жасап, баланың бауырын сақтап қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Екі жасқа толмаған Русланның бұл жерде жатқанына 6 айдан асыпты. Анасының айтуынша, алғашында нәрестенің тамаққа тәбеті болмай, іші қатайып, үлкейе бастаған. Қызылордадан санитарлық авиация арқылы педиатрия және хирургия орталығына жеткізілген баладан бауырдың қатерлі ісігі анықталады.

Екатерина Губенко, Русланның анасы:

- Сәуір айынан бері осында жатырмыз. 4 кезең химиялық емдеу қабылдадық. Жақында операция жасады. Қатты қорықтық. Алайда бәрі сәтті болды. Балам қазір өзін жақсы сезінеді. Тәбеті де жақсы. Дәрігерлерге алғысым шексіз.

Бауырдың қатерлі ісігі балада анасының құрсағында жатқан кезде пайда болады екен. «Оған нашар экология, анасының денсаулығы әсер етеді», - дейді мамандар. Ең қиыны – ауруды ерте кезде анықтау. Тілі шықпаған бала қай жері ауыратынын да айта алмайды. Көп жағдайда ісіктің көлемі ұлғайып кеткен кезде анықталады.

Бахрам Жұмадуллаев, онкохирург, балалар онкологиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

- Басқа ісіктерге қарағанда ерекшелігі бар, қанға ерекше ақуыз шығарады альфа-фетопротеин деген. Диагностикасы визуальдық әдістермен және қанның құрамындағы альфа-фетопротеин деген ақуызды анықтаумен анықталады.

«Химиялық емдеу арқылы ісіктің көлемін екі есеге дейін азайтуға болады», - дейді дәрігерлер. Содан кейін ғана операция жасалады. Ең бастысы, бауырды сақтап қалатын мүмкіндік бар.

Бахрам Жұмадуллаев, онкохирург, балалар онкологиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

- Негізі бауырдың регенаторлық қасиеті жоғары, басқа органдарға қарағанда. Бауырдың 15%-і сау болатын болса, регенаторлық жағдайы үлкен бауырдың ол ары қарай алып кетуі мүмкін. Бүгін бауырдың 50%-тен астам жері сау. Басқа ағзаларға ісіктің шапқан белгілері жоқ. 

Дәрігерлердің айтуынша, гепатобластома, яғни бауырдың қатерлі ісігі – нәрестелерге тән ауру. Қуанарлығы, сирек кездеседі екен. Миллионның ішінде бір баладан анықталуы мүмкін. Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында аталған операция тегін жасалады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуарт Кон

Хабар 24 телеарнасы