420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетауда инфекциялық аурухана ашылды

  • 113
  • UPD: 22:59, 06.11.2020

Бүгін Көкшетауда 200 орындық инфекциялық аурухана ашылып, аймақтың медицина ұйымдарына 50-ге жуық арнайы техника тарту етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 38-і – жедел жәрдем көлігі, ал 8-і – жылжымалы медициналық кешен. Полицейлерге 24 патрульдік көлік берілді. «Бұл аймақтың коронавирусқа қарсы әзірлігі аясында іске асып жатыр», – дейді өңір басшысы.

Коронавирустың алғашқы толқынында аймақтың мыңдаған дәрігері мен полицейі күндіз-түні елге қызмет етті. Міне, салтанатты жиында олардың үздіктерін облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Халық алғысы» медалімен марапаттады. Ал су жаңа көліктер мамандардың өз міндетін одан әрі мінсіз атқара беруіне сеп болмақ. Олардың барлығы соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.

Александр Высоцкий, облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері:

– Бұл көліктердің әрқайсысы 24 литр оттегімен жабдықталған. Ол 10 сағатқа жетеді. Яғни науқастарды алыстан тасымалдауға арналған. Осы айдың соңына дейін тағы 10 шақты жедел жәрдем көлігі келеді. Осылайша біздің парк 100%-ке жаңартылады.

Ал 200 науқасқа арналған инфекциялық аурулар орталығы бір-бірінен оқшауланған 8 ғимараттан тұрады. Олардың әрқайсысында кісі кіріп-шығатын есіктері бөлек-бөлек орналасқан. Ал нысанға қызмет көрсететін сантехник секілді мамандар мүлдем басқа жағынан келеді. «Осының бәрі вирустың таралмауы үшін жасалған», – дейді.

Сүлен Ілиясов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бөлімше науқастарды қабылдауға дайын. Барлық заманауи қондырғылары бар. Бірыңғай ақпараттық желі орнатылған. Яғни емделуші жайлы мәлімет ортақ базаға енгізіліп, оны барлық маман көре алады. Желдету жүйесі де жақсы жасалған. Бірақ мен дәл осы реанимация бөлімі үнемі бос тұрғанын қалар едім. Яғни аса ауыр жағдайдағы пациенттер болмаса екен деп тілейміз.

Алдағы жылдары аталған аурухананың жанынан медицина мамандарына арнап тұрғын үй салынады деген жоспар бар. Жауаптылардың айтуынша, жалпы облыс қазір қауіпті індеттің екінші толқынына әзір тұр. Вирусқа шалдыққандар көбейіп, жағдай ушығатын болса, өңір бойынша емдеу мекемелерінен бас-аяғы 5 мың орынға дейін жасақталмақ. Ал дәрі-дәрмек қоры пен дәрігерлерге қажетті заттар жеткілікті болатынын айтады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы