419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы хайуанаттар бағында Симба атты арыстанға арнайы үйшік салынды

  • 119
  • UPD: 21:50, 27.11.2020

Бүгін Алматыдағы хайуанаттар бағында Симба атты арыстанға қоршау ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі айда салынған үйшік енді аң патшасының тұрақты мекені болады. Арыстанды келіп көрем деушілерге де барлық жағдай жасалған. Симбаның мекенін көріп қайтқан тілшіміздің материалын тамашалайық.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Естеріңізде болса, өткен жылы Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында көше кезіп жүрген арыстанның баласы жергілікті тұрғындардың әбден зәресін алған еді. Иесі аңды асыраудан бас тартқан соң осы жазда ол Алматыға жеткізілген болатын. Оған Симба деп ат қойып, арнайы үйшік салынды.

Сейілхан Ақылбеков, хайуанаттар бағының директоры:

- Келесі жылдан бастап бұл арыстан хайуанаттар бағының меншігіне өтеді. Яғни оның барлық шығындарын өзіміз көтереміз. Ал бүгінгі Симбаға арналған қоршау жайлы айтар болсақ, аң патшасы өзін еркін сезіну үшін мұнда оған барлық жағдай жасалған. Яғни, үйшік барлық әлемдік хайуанаттар қауымдастығының талаптарына сай салынды.

Арыстан тұратын жердің аумағы 750 шаршы метр. Яғни бұл қоршау үш аймақтан тұрады. Атап айтсақ, серуендеуге және тыныш демалуға сондай-ақ күн суықта тұратын жері бар. Оның құрылысына ағаш пен тасты араластырып пайданалыған аң патшасының табиғи мінез-құлқына байланысты тереңдігі 1,5 метрлік бассейн және әртүрлі ойын құралдары да қарастырылыпты.

Дәурен Кенжебаев, Хайуанттар бағы жыртқыш аңдар бөлімінің меңгерушісі:

- Негізгі қоректенетін азығы – ет. Қазіргі таңда оның жасының ерекшелігіне қарай біз 5 келі ет береміз. Бірінші категориялы сиырдың еті беріледі. Одан кейін қосымша қоян еті беріледі. Одан кейін құс еті беріледі. Салмақ қосты. Өздеріңіз көріп отырсыздар, денсаулығы бәрі жақсы.

Симбаны келіп көрем деушілер үшін арнайы қыздырылған әйнектен жасалған, екі үлкен бақылау терезелері бар. Хайуанаттар бағының мамандары алдағы уақытта оған серік табуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы