420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да әлеуметтік мәселелер шешімін тауып жатыр

  • 117
  • UPD: 15:28, 28.11.2020

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданына жас мамандар келіп, ауылдағы медицина сапасы жақсара бастады.

Ал Железнодорожный кентінің 5 мыңға жуық тұрғыны жаз уақытында ауызсудан таршылық көріп келген еді. Енді мұндағы ескі мұнараны жөндеуге 32 млн теңге бөлініп, мәселе оң шешімін тапты. Келесі жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.

Сугатовка ауылында мыңнан астам тұрғын бар. Негізінен халық мал өсіріп, егін салады. Мұндағы өзекті мәселенің бірі – білікті дәрігерлер тапшылығы. Семейдегі медициналық университетті тамамдаған Зарина Сүлейменова алғашында жүрексінгенімен, қазір өз ісін меңгеріп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. 

Зарина Сүлейменова, ауыл дәрігері:

– Ауылда жұмыс істеудің өз қиындығы бар, әрине. Мәселен, мұнда халықпен де араласып әрі жедел жәрдемнің де қызметін қатар атқару керек. Тұрғындар денсаулығын тұрақты тексеріп отырамыз. Қауіпті індет кезінде мобильдік бригадаларымыздың көмегі көп тиіп жатыр. Дене қызуы бар науқастарды үйінде қарап, бақылауға аламыз.

Ауылдағы мектепке дейінгі даярлық тобының бүлдіршіндері де осыған дейін жалға алынған ғимаратта оқып жүрген. Қазір бұл мәселе де шешімін тауып, мектеп ішіндегі бөлмелер жөндеуден өткен. Білім ордасындағы 133 бала қазір дәстүрлі жүйемен білім алып жатыр. Мұғалімдер қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген дейді.

Ирина Казакова, Сугатовка орта мектебінің директоры:

– Биыл шағын орталық сыныптары мен мектеп асханасын жөндеуге 24 млн теңге бөлінді. Бұл көптен бері қордаланған мәселе еді. Жылу жүйесі де ретке келтірілді. Жұмыстар сапалы атқарылғанына ризашылығымызды білдіреміз.

5 мыңға жуық тұрғыны бар Железнодорожный кентінің тұрғындары осыған дейін ауызсудан тарығып отырған. Әсіресе жаз кезінде тіршілік нәрі жиі болмай қалатын. Мемлекет қазынасынан 32 млн теңге бөлініп, 80 жылдан бері тозығы жеткен су мұнарасы жаңадан салыныпты.

Мария Әпсейітова, Железнодорожный кентінің тұрғыны:

– Қазір жақсы болды, су керемет. Бәріміз соған ризамыз. Бұрын су жағы қиын болған еді. Тоқтап қалатын, ал жаз кездері толмайтын.

Сергей Казарцев, «Су арнасы» МҚК директорының міндетін атқарушы:

– Су мұнарасын салумен қатар 220 метр ескі құбырларды да ауыстырдық. Енді кенттің сол жағында бұл мәселе толық шешілді. Дегенмен тозығы жеткен құбырлар әлі де бар. Келесі жылы бұл түйткілдің де түйіні тарқайды деп сенемін.

Келесі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қалған ауылдардың да ауызсу мәселесін түпкілікті шешу көзделген.

Григорий Акулов, Шемонаиха ауданының әкімі:

– Аудан бойынша сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 98%-ті құрап отыр. Тағы екі ауылымызда орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Убинка ауылына жобалық-сметалық құжат дайын тұрса, Большая речка ауылына енді жасаймыз. Яғни алдағы жылдары бұл мәселелер де толық шешімін табады.

Ауданда өткен жазда мемлекет қаржысына 13 мектеп, 4 мәдениет үйі, 2 спорт кешені жөндеуден өтіпті. Ал келесі жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмақ.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы