419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендегі жолаушы тасымалдаушылар 10 айдан бері жұмыссыз қалған

  • 201
  • UPD: 23:36, 21.12.2020

Өскемендегі жолаушы тасымалдаушылар тығырыққа тірелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені олар карантиндік шектеулердің салдарынан он айдан бері жұмыссыз қалған. Кәсіп иелері істің соңы банкротқа ұшыраумен аяқтала ма деп алаңдайды. Автобекет ұжымы облыс «жасыл» аймаққа енсе, барлығы түзелер деп сабырмен күткен еді. Алайда короновирустың таралу қарқыны бәсеңдегенімен, жағдай өзгермеді.

Әдетте азан-қазан болып жататын автобекет іші қазір жым-жырт. Санаулы ғана жұмысшы келіп кетіп жүр. Солардың бірі – бекет директоры Алмас Бейсенғазин. Осы жылдың басқа екі айында күн райының қолайсыздығына орай бұл жерде жұмыс тоқтап қалған, ал наурыздан бері індет өршіді. Сөйтіп, карантиндік шектеулер басталды. Содан бері бекет әлі толық қызметке кірісе алмай келеді.

Алмас Бейсенғазин, автобекеттің бас директоры:

- Өз мекемемізде ғана 200-ден астам адам істейтін, қазір 60%-і жұмыстан шығып кетті. Қазіргі уақытта жылдың аяғына дейін тағы арыздар кеп түсіп жатыр, 80%-ке өседі деп ойлаймын. Қысқаша айтқанда, бұл мекемені карантин құртып жатыр.

Автобекеттің өз ішіндегі жағдай осындай болса, сырттағысы тіпті қиын. Облыс ішінде 103 рейс болса, оларда жалпы 206 жүргізуші бар деген сөз. Оған техникалық персоналды тағы қосып қойыңыз. Сонда мыңға тарта адам жұмыссыз қалды деуге болады. Ержан Сағатбеков Өскемен Алматы, Өскемен, Павлодар бағытына жолаушы тасымалдайтын. «Енді жұмыссыздар қатарына қалай өткенімді өзім де түсінбей қалдым», дейді ол.

Ержан Сағатбеков, жолаушы тасымалдаушы:

- «Қызыл» аймақ деп тыныш отырдық, үндеген жоқпыз, «сары» аймаққа кірдік, енді міне, «жасылға» кіргеннің өзінде бізге жұмыс бермей отыр ғой.

Автобекет ішіндегі жұмысшылардың дені зейнет жасындағы адамдар. Олар: «шектеудің қашан алынатын күте-күте шаршадық» дейді. Ал сол жерде шағын дүңгіршек, дүкен ашып отырған кәсіпкерлер қазір шығынға белшесінен батыпты.

Барлығы түсінбей отырған жалғыз жайт – ұшақ пен теміржол арқылы жолаушылар ағылып жатыр. Яғни, облысішілік автобус тасымалына шектеудің күшйгеніне алаңдайды.

Автобекет барлық санитарлық талап үдесінен шығу үшін ондаған миллион теңге жұмсапты. Қашықтықты сақтау, бір ізбен кіріп-шығу, дезинфекциялық дәліз сынды жаңа құралдардың барлығы бар. Бірақ соған қарамастан шектеуге ұшырап отыр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мына құрылғы автобустарды зарарсыздандыру үшін арналған. Яғни олар кіреді де, осы жерден толық дезинфекциядан өтеді, тазаланады. Бұл құрылғы үшін 2 миллион теңге жұмсалыпты. Алайда мінекей, бірнеше ай бойы қаңырап бос тұр.

Бұндай шектеу тасымалдаушылармен автобекет ұжымына ғана емес, жолаушыларға да оңай тимей тұр. Мәселен мына Қатонарағайлық тұрғындар таксиге тек бір бағыт үшін 5 мың теңге төлеп келіпті. Бұл автобус бағасынан екі есе қымбат.

Эльмира Исканова, жолаушы:

- Біз Қатонқарағайда тұрамыз, бізде жалғыз автобус қана ғой, ұшақ ұшпайды, пойыз жүрмейді. Такси қымбат, ары-бері жол жүргенге такси тосасың, іздейсің. Басқа амал жоқ.

Санитарлық-эпидемиологтардың жауабы жалғыз. Олар автобус ауру ошағына айналуы әбден мүмкін деп санайды екен.

Хамит Елубаев, Санитариялық-эпидемиологиялық департамент басшысының м.а.:

- Өйткені білесіздер, автобуспен біздің адамдар көп жүреді. Ұшақпен, пойызбен жүретін адамдар онша көп емес. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің және ведомствоаралық комисссияның шешімі осындай болды.

Сала мамандарының сөзі қысқа болды. Дегенмен, келер жылдың 4-5 қаңтарында бұл нысанның жұмысы жандануы мүмкін екендігін жасырмады. Автобекет ұжымы да содан үмітті.

Автолары: Эльмира Ахметова.Жігер бабаханов, Дмитрий Пыхтин

 

Хабар 24 телеарнасы