422.66 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сәтбаевта ит талап өлтірген баланы жерлеуге жергілікті әкімдік көмектеседі

  • 86
  • UPD: 22:22, 16.11.2020

Сәтбаев қаласында иесіз ит көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені ветеринарлық қызмет тек көшеде жүрген хайуандарды ғана аулай алады. Ал қаладан ұзап, саяжайларға бара бермейді. Өйткені бюджеттен қарастырылған 6 миллион теңге тек қала ішіндегі иттерді аулауға бөлінген. Мамандардың сөзі осы.

Айта кетейік, кеше кешке таман осы қаладағы саяжай массивінде 6 жастағы қыз баланы ит талап өлтірген.

Қабаған иттердің азуында жантәсілім болған 6 жастағы қыздың мәйітін көргенде, көпті көрген жедел жәрдем қызметкерлері де абдырап қалыпты. Олар тек бүлдіршіннің көз жұмғанын бекіткен. Бейкүнә балақай қасқырдай қаңғыбас иттердің құрсауында қалай қалып қойғаны белгісіз.

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы м.а:

– Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптамалар тағайындалды. ПД-і тарапынан ветеринариялық қызметке ұйғарым жіберілді.

Бұл отбасында 3 бала бар. Сол күні кішкентай қыз әжесімен үйде қалады. Ал анасы мен өгей әкесінің қайда болғаны әзірге белгісіз.

Айгүл Төтеева, Сәтпаев қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– 1993 жылғы келіншек тұрмысы төмен отбасы ретінде қорғаншылық органдарында тіркеуде тұрған. Қазір қалған екі баласы уақытша әлеуметтік оңалту орталығына орналастырылды. Баланы жерлеу рәсіміне жергілікті әкімдік көмектеседі. 

Кешеден бері төтенше жағдай болған жерден 7 ит атылған. Негізінен ит ататындар тұрғындар тарапынан шағым түскен жерге барып тұзақ құрады. Саяжай маңынан шағым түспеген. Оның үстіне бұл қаладан қашық болғандықтан тізімге кірмеген.

Ғалым Оспанов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

– Сәтпаев қаласы бойынша 6 млн теңге бөлінген. 2250 ит пен мысық ауланған. Әрине, енді осы аумақта болған соң, бүгінгі жайтқа байланысты тағы да қаңғыбас иттерді аулау үшін жұмыстар жалғасуда.

Ал жануарлар құқығын қорғаушылар мұндай сорақы жағдай қайталанбас үшін қазір қаралып жатқан заң жобасы бүге-шүгесіне дейін зерттелуі керек дейді. Содан соң әр үй жануары өз қожайынына тіркелуі тиіс деген пікірде.

Инна Радченко, «Дари Добро» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Бүлдіршінге тап берген ит жазды күні саяжайда қожайындарына қалтқысыз қызмет еткендер. Ал иелері болса, маусым аяқталған соң оларды тастап кете береді. Міне, содан кейін аш қалған қаңғыбас иттер көбейіп кетеді. Бұлай болмас үшін үй жануарын өз қожайындарына міндетті түрде тіркеу керек. Сонда заңдық жауапкершілік бар екенін сезінетін боласың.

Жалпы облыс бойынша биыл қараусыз қалған ит-мысықтарды жоюға 69 млн теңге бөлінген. 18 мыңының көзі жойылған. Жоспар бойынша бұл сан 1500-ден аспайды деп жоспарланған. Бұл қаңғыбас иттердің қаншалықты көбейіп кеткенін көрсетеді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы